Беларусь билігі тыңшылық, терроризм және экстремизм айыптарымен сотталған түрлі елдердің 123 азаматына рақымшылық жасалғанын мәлімдеді. Бұл туралы «Пул Первого» Telegram-арнасы жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Босатылғандардың қатарында белгілі беларусьтік оппозиционер Мария Колесникова, Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Алесь Беляцкий, сондай-ақ Ұлыбритания, АҚШ, Литва, Украина, Латвия, Аустралия және Жапония азаматтары бар.
Шешім «АҚШ президентімен қол жеткізілген келісімдер аясында және оның өтініші бойынша» қабылданған. Бұл қадам бұрынғы АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі енгізген «Беларуськалий» компаниясына қатысты санкцияларды алып тастауға айырбас ретінде жүзеге асырылған.
Минск бұл шешім гуманитарлық қағидаттарға, отбасылық құндылықтарға негізделгенін және шетелдік серіктестермен қарым-қатынасты жақсартуға бағытталғанын атап өтті.
«Соңғы уақытта, соның ішінде Беларусь президенті қараша айының соңында қабылдаған шешімдерді ескергенде, рақымшылық жасалған адамдардың жалпы саны 156 адамды құрады», – делінген хабарламада.
Саяси тұтқындарға рақымшылық жарияланғаны Лукашенконың Минскіде АҚШ президентінің арнайы өкілі Джон Коулмен кездесуден кейін бірден белгілі болды. Беларусь оппозициясы көшбасшысы Светлана Тихановскаяның кеңесшісі Денис Кучинскийдің айтуынша, қазіргі таңда босатылғандардың барлығы елден тыс жерде қауіпсіз жағдайда.
Айта кетейік, осы жылдың маусым айында Трамптың арнайы өкілінің сапарынан кейін Лукашенко 14 саяси тұтқынды, оның ішінде танымал оппозиционер Сергей Тихановскийді босатқан болатын.