Logo
Іздеу
Айдарлар

Атырауда қатты желден үйлердің шатыры мен сыртқы жабындары бүлінді

/
Атырауда қатты желден үйлердің шатыры мен сыртқы жабындары бүлінді
Сурет: әлеуметтік желіден

Атырауда қатты жел мен көктайғақ бірнеше төтенше жағдайға себеп болды. Қалада электр жарығының үзілуі, тұрғын үйлердің қасбеттерінің құлауы және шатырлардың ұшып, көліктерге құлауы тіркелді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Таңертең табиғи құбылыстың салдары тұрғын аудандарда анық байқалды. Нұрсая шағынауданында көпқабатты үйлердің бірінің қасбеті құлап, кірпіштері аула аумағына шашылған. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға кезінде маңайда адам болмаған, зардап шеккендер жоқ, деп жазды АқЖайық басылымы.

Алмагүл шағынауданында жел жұлып әкеткен металл шатыр Hyundai Elantra маркалы автокөліктің үстіне түскен. Көлік иесінің айтуынша, оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері келген.

Дауылды жел қалалық №1 емхананың ғимаратына да зақым келтірді. Қатты жел ғимараттың шатырын жұлып әкетіп, оның бөліктері жақын маңдағы тұрғын үйлердің үстіне түскен.

Сонымен қатар қала көшелерінде үзілген электр сымдары байқалды. Әр түрлі аудандардың тұрғындары жерге салбырап немесе құлап жатқан кабельдер туралы хабарлап, олардың адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін айтуда.

«Ауа райының күрт нашарлауына (қар аралас жаңбыр мен қатты жел) байланысты электр желілерінде апаттық ажыратулар орын алды. Электр қуатының ұзақ уақытқа өшіп қалуын болдырмау үшін мамандар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр», – деп мәлімдеді «Атырау Жарық» ЖШС.

Қазіргі уақытта келтірілген шығын көлемі мен ықтимал салдар нақтыланып жатыр. Қала тұрғындарына сақтық шараларын ұстану, көліктерді үйлер мен әлсіз бекітілген құрылымдардың маңына қоймау, сондай-ақ қатты жел кезінде сыртта жүруді шектеу ұсынылады.