Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы қаласындағы Сұлтан-Ахмет Қожықов атындағы №39 мамандандырылған лицейде игі іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай шаралардың бірі 5 А сынып оқушысы Дәулен Бауыржанұлының бастамасымен «Егемен болмай – ел болмас» атты тағылымды кітап оқу және ой бөлісу кеші өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Шараның басты мақсаты – оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. Тәуелсіз Қазақстанның тарихы мен маңызын оқыған кітаптары арқылы терең түсіндіру, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен елжандылық қасиетттерді қалыптастыру болды.
Кеш барысында Дәулен Бауыржанұлы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзіне сыйға тартқан «Әке туралы ой-толғау» кітабының мазмұнымен бөлісіп, өз ой-пікірін ортаға салды.

«Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында оқыған кітабыммен бөлісудің үш басты себебі бар: біріншіден, «Әке туралы ой-толғау кітабының басты кейіпкері елінің тәуелсіздікке қол жеткізер күннің жақын екендігіне сенді: екіншіден, кітап кез-келген мемлекеттің негізін құраушы отбасы құндылықтары, адал еңбек, адамгершілік, елжандылық, т.с.с құндылықтарды дәріптейді; үшіншіден, мен секілді тәуелсіз елде дүниеге келген азаматтардың ертеңге деген сенімін арттырады», - дейді Дәулен.
Дәулен презентациясын кітап авторы Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Әрбір саналы адам өмір жолындағы іс-әрекеттерін ата-анасының берген ақ батасымен салмақтап таразылайды» деген алғы сөзімен бастады. Кітаптың басты кейіпкері Кемелдің балалық пен жастық шағын қазақтарды колхоздарға күштеп кіргізу, аштық жылдарымен тұспа-тұс келгенін айтып, ірі трагедия-аштық туралы деректі фильм материалдарын пайдаланып, бөлісті.

Кемелдің отбасындағы ауыр оқиға, соғыс жылдарындағы патриотизм, ағасы Қасымның майданнан жазған хаттары, соғыстағы ерліктері, студенттік шағы мен еңбек жолы, шығармашылығына тоқталды. Кеш барысында «Ана-бұлақ, балалары-айналасындағы құрақ» тақырыбымен анасының балаларына берген тәрбиесінің өзегі: байыпты, ұстамды болу, жақсыны үйрену, жинақы жүру, күнін дұрыс жоспарлау керектігіне тоқталып, бүгінгі күні өзі және достары да негізге алатын дағдылар екендігін айтты. «Баланың әкесіне деген сағынышы» атты бөлімде «Әке мен Ана» туралы әнді Дәулен орындап, кітап авторының: «Ата-анам шексіз ғарыштағы сапарларын жалғастырып, жердегі балалары мен немерелеріне мейірімді жандарының көзге көрінбес шуағын төгіп тұрғандай сезінемін» деген сөздерімен қорытты. Дәулен «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты қорытынды бөлімді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына өзіне сыйға тартқан құнды сыйлық – «Әке туралы ой-толғау» кітабына алғыс білдіруден бастап, достарымен бірге туған ел, тәуелсіздік туралы өлеңдер оқыды.

Оқушылардың ізгі жақсылардың өнегесімен жүріп, жақсы оқып, тәрбиелі болуға ынталандыруы шараның маңызын арттыра түсті. Мұндай тағылымды кездесулер жас буынның рухани дамуына үлкен үлес қосатыны сөзсіз.
Кемел Тоқаев «Егемен болмай – ел болмас», деп жиі айтатын мақал тақырыпқа алынған «Әке туралы ой-толғау» кітап оқу кеші Тәуелсіздік күніне арналған тәрбиелік мәні зор, мазмұнды шара ретінде есте қалды.