Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 2025 жылғы 15 желтоқсанда өткен брифингте Алматы қаласындағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ті газға көшіру жобалары іске асырылып жатқанын және оларды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланғанын мәлімдеді. Бұл қаладағы экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Журналистер ауа сапасын жақсарту аясында ЖЭО-2-ні жаңғырту жобасының барысына қызығушылық танытып, қандай өзгерістер жоспарланғанын және олардың қандай мерзімде жүзеге асатынын нақтылады.
«Бұл – ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті газға көшіру жобасы. Сіздер бір ғана станцияны атап өттіңіздер, алайда үшінші станция да бар. ЖЭО-2 бойынша айтарым: Siemens турбинасы Қазақстанға жеткізіліп, орнатылды. Ал ЖЭО-3 үшін Ansaldo компаниясының бір турбинасы елге әкелініп, қондырылды. Қазіргі уақытта, қателеспесем, Қытайда тұрған екінші Ansaldo турбинасын жеткізуді күтіп отырмыз. Ол жақын арада Қазақстанға жеткізіліп, монтаж жұмыстары жалғасады», – деді Ерлан Ақкенженов.
Министрдің айтуынша, станцияларды газға көшіру қаланың экологиялық жағдайына елеулі әсер етеді.
«Алматының осы екі ЖЭО-ның жұмысына байланысты тұншығып отырғанын жақсы білеміз. Дегенмен автокөліктер санының артуы да экологияға кері әсер етіп жатқанын ұмытпау керек. Энергетикалық нысандар бойынша Энергетика министрлігі мен “Самұрық-Энерго” 2026 жылдың соңына дейін оларды іске қосып, газға көшіреуді жоспарлап отыр», – деді ол.
Айта кетейік, Алматыдағы жылу электр орталықтарын газға көшіру туралы алғаш рет 2020 жылы хабарланған болатын. Ал 2023 жылдың сәуірінде ЖЭО-2-ні жаңғырту жұмыстары Ресей мен Украинадан жеткізілімге байланысты мәселелерге байланысты созылып кеткені белгілі болды.