Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы гонконг тұмауының жедел таралып жатқанын хабарлады — вирус 30-дан астам елде анықталған, деп хабарлайды Arasha.kz БҰҰ-ға сілтеме жасап.
Бұл жөнінде ұйымның эпидемиялық және пандемиялық қатерлерді басқару департаментінің жаһандық респираторлық қатерлер бөлімінің басшысы Вэньцин Чжан Женевада брифинг барысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, биылғы маусым AH3N2 вирусының жаңа нұсқасының пайда болуы және жылдам таралуымен ерекшеленіп отыр. Аталған нұсқа алғаш рет тамыз айында Аустралия мен Жаңа Зеландияда тіркелген, содан бері 30-дан астам елде анықталған.
«Қолда бар эпидемиологиялық деректер аурудың ауыр өтуінің артқанын көрсетпейді, дегенмен бұл генетикалық өзгеріс вирустың эволюциясындағы маңызды кезең болып саналады», — деді Чжан.
Ол тұмау вирустарының үнемі өзгеріп отыратынын, сондықтан тұмауға қарсы вакциналардың құрамы тұрақты түрде жаңартылатынын түсіндірді.
Чжанның айтуынша, жаңа нұсқа Солтүстік жартышардағы ағымдағы тұмау маусымына арналған вакциналардың құрамына енгізілмеген. Соған қарамастан, бастапқы деректер қазіргі маусымдық вакциналардың аурудың ауыр өтуінен қорғайтынын және ауруханаға жатқызу қаупін төмендететінін көрсетіп отыр.
«Вакцинация — біздің ең тиімді қорғаныс құралымыз. Ол “дрейфке ұшыраған” штамдарға қарсы да әсер етеді, әсіресе қауіп тобына жататын адамдар мен оларға күтім жасайтындар үшін», — деп есептейді ДДҰ маманы.
Еске салайық, жуырда ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай, оның ішінде гонконг тұмауының таралуы туралы айтып, тиісті ұсынымдар берген болатын.