Logo
Іздеу
Айдарлар

Рушылдық – бренд емес, ұлттық бірлікке төнген қауіп – депутат

/
Рушылдық – бренд емес, ұлттық бірлікке төнген қауіп – депутат
Сурет: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров қоғамда белең алып бара жатқан рушылдықты қоздыратын контент пен мәдени өнімдерге қарсы шықты. Оның айтуынша, руға бөлуді «брендке», кино мен әлеуметтік желідегі трендке айналдыру – ұлттық бірлікке тікелей қауіп төндіретін қауіпті үрдіс және мұндай әрекеттерге мемлекет деңгейінде нақты тосқауыл қойылуы тиіс, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қазақстан үшін Тәуелсіздік – жай ғана тарихи кезең емес, ата-бабамыздың қанымен, жанымен келген ең қастерлі құндылық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» деуі – осы ақиқаттың қысқа да нұсқа формуласы. Ал сол Тәуелсіздікті сақтап қалудың басты шарты – ұлттық бірлік, тұтастық және ынтымақ.

Алайда соңғы жылдары қоғамда осы іргелі құндылықтарға қарсы бағытталған қауіпті үрдістер күшейіп келеді. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров атап өткендей, бірлікке қызмет етуі тиіс мәдениет пен ақпарат кеңістігінде халықты іштен жікке бөлетін, рушылдық сананы қайта тірілтетін контент көбейді.

"Жекелеген контент өндірушілер мен кәсіпкерлер ру атауларын «брендке» айналдырып, футболка, шапан секілді күнделікті тұтынатын тауарларға жазып сатуды сәнге айналдырды. Әлеуметтік желілерде жастардың санасына рушылдық психологияны сіңіретін материалдар ашық таралып жатыр. Бұл — жай маркетинг немесе еркін пікір емес, ұлттың іргесін әлсірететін идеологиялық қауіп. Ең алаңдатарлығы — бұл тенденция кино саласына да ене бастады. Қазақ руларын бір-бірімен салыстырып, кемсітетін, тіпті Қазақстан картасын үш жүзге бөліп көрсеткен фильмдердің прокатқа шығуы — қоғам үшін дабыл қағарлық жағдай. Мұндай «шығармашылықтың» мақсаты не? Көрермен жинау үшін ең сезімтал ұлттық тақырыпты арандату құралына айналдыру түбі жақсылыққа апармайды" , - деді депутат.

Әрине, шығармашылық еркіндік қажет. Бірақ ол ұлттың бірлігін бұзуға, мемлекеттіліктің негізін шайқауға қызмет етпеуі тиіс. Әсіресе, кино мен медиаконтенттің жасөспірімдерге тәрбиелік ықпалы зор екенін ескерсек, бұл мәселеге немқұрайлы қарау — болашақ алдындағы жауапсыздық.

Абайдың «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген сөзі бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Рушылдық — мемлекеттік ойлау қабілетін іштен тот басқызатын, елді бөлшектеуге апаратын қауіпті құбылыс. Мәңгілік Қазақстан құрамыз десек, бір ұлттың ішіндегі руларды бір-біріне айдап салатын, арандатушылық сипаттағы материалдарға нақты шектеу қойылуы қажет.

Осы орайда Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Үкімет басшысы Олжас Бектеновке бірқатар нақты ұсыныс жолдады. Атап айтқанда, Ақпарат және мәдениет министрлігі жанынан отандық фильмдерді прокатқа шығар алдында олардың мазмұнын ұлттық бірлік, идеологиялық және көркемдік тұрғыдан сараптайтын тұрақты комиссия құру; «ұлттық код» ұғымын желеу етіп, қоғамды бөлшектейтін әрекеттерге тосқауыл қою; мәдениет пен әлеуметтік желіде барша қазақстандықты ұйыстыратын, «Біз – Қазақпыз» деген ортақ идеяны дәріптейтін контентті көбейту қажеттігін атап өтті.

Президент Тоқаев өз Жолдауында: «Бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл – аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет» деп нақты айтты. Демек, ұлттық саясатта да, мәдени кеңістікте де басты бағдар айқын: бізді бөлетін емес, біріктіретін дүниелерге басымдық берілуі тиіс. Ұлттың бірлігі — кез келген шығармашылықтан, кез келген «хайптан» биік тұруы керек.