Logo
Іздеу
Айдарлар

Алматының мектебі мен балабақшасы цифрланып бітті: қайсында бос орын барын қайдан білеміз?

/
Алматының мектебі мен балабақшасы цифрланып бітті: қайсында бос орын барын қайдан білеміз?
Сурет: Әкімдік

Алматы қаласының басшылығы білім беру мекемелерінің барлығын цифрландырып бітті. Енді шаһардағы мектеп пен балабақша, колледж бен жоғары оқу орындары жайлы мәліметтерді онлайн көріп, қажет ақпаратты оңай іздеп таба аласыз. Мұның бәрі Алматы қаласының Ахуал орталығының платформасында, білім айдарында жинақталған. 

Атап айтқанда, қала аумағында орналасқан мектептердің қайсында қанша орын бос, қайсы толық, ал қайсында оқушы саны мүлде артық екенін көріп танысуға болады. Мәселен, қазіргі мәліметтерге қарағанда, қалада барлығы 216 мектеп бар екен, онда оқып жатқан бала саны – 310 мыңға жуық, ал орын тапшылығы – 33 мыңнан асады. Оның 121-нде бала саны асып (продефицит) кетсе, 94-нде бала саны артық (дефицит), тек 1-уінде ғана бала саны нормадан (норма) аспаған екен. 

Ахуал орталығының платформасындағы мәліметтерден сондай-ақ, орта білім беру мекемелерінің оқыту тілін, ұйым түрін (орта мектеп, лицей, гимназия), ауысым санын, оқушылар санын, жобалық қуатын, кабинет саны сияқты қосымша мағлұматпен де танысуға болады. Бұдан бөлек, ыңғайлы мектептердің тізімі мен орналасқан жерін көруге болады. Бүгінде олардың саны – 22. 

Балабақшалар жайлы да біршама қажет деректер берілген. Мәселен, балабақшалардың бүлдіршіндерді қабылдау жасын, қай топтарға қабылдайтынын, оқыту тілін, бала санын, толық не толық емесін, тағы басқа да аса маңызды ақпараттармен онлайн танысып алуға мүмкіндік бар. Ахуал орталығының мәліметтеріне қарағанда, қаланың балабақшамен қамтылуы біршама жақсы, тек 600-ден аса бүлдіршінге ғана орын жетпейтін көрінеді. 

Порталда берілген үйірмелер мен секциялардың картасы да қажетті мәліметтерге толы. Шығармашылық үйірмелер мен секциялар бөлек-бөлек берілген. Картадан қай үйірме мен секцияның тегін, қайсы ақылы екенін, қай мекемеде қандай үйірмелер мен секциялардың барын, орын саны мен ондағы бала санын, мекенжайы мен байланыс телефонын қарауға болады. Цифрланған төлқұжатқа сүйенсек, бүгінде Алматы қаласында 2501 үйірме мен секция бар екен, оның 2344-і тегін, бос орындар саны – 150 мыңнан асады.

Ал колледждер жайлы берілген мәліметтерде оқыту тілі, жатақхананың бар-жоғы, қанша талапкер оқып жатқаны туралы деректер берілген. 

Айта кетейік, Алматы қаласындағы цифрландыру мен оған жасанды интеллектіні енгізу процестері Smart city кешенді жобасы аясында істеліп жатыр. Жобаның білім беру мекемелерін цифрландыру аясында мектеп пен балабақшаларды AI-видеоталдау камераларымен жабдықтау, сол арқылы кешенді мониторинг жүргізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, білім беру мекемелерінің электронды төлқұжатын құра отырып, оқушылар мен кадрларды қабылдау мен тіркеуге қоюды автоматтандыру, қызметкерлерді іріктеу, электронды кітапхана жасақтау, бухгалтерлік есеп пен еңбекақы беруді де сандық форматқа көшіру, ғимаратқа кірген-шыққан адамды фото- және видеофиксация жасау сияқты жасанды интеллекті модульдерін етене енгізу жұмыстары жүргізілмек.