Logo
Іздеу
Айдарлар

Сенат ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу туралы заңды мақұлдады

/
Сенат ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу туралы заңды мақұлдады
Сурет: Сенат

Сенат депутаттары 2025 жылғы 18 желтоқсанда екінші оқылымда архив ісі мәселелері және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу жөніндегі заңды мақұлдады. Құжат мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қорытындыда заңды қабылдаудың мақсаты архив ісі саласындағы заңнаманы жетілдіру, мемлекеттік архивтердің қызмет тиімділігін арттыру және балалардың құқықтарын қорғау екені көрсетілген.

«Заңмен Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 12 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Заңда Қазақстан Республикасының “Ұлттық архив қоры және архивтер туралы” заңының қолданылу аясын архивтік құжаттарды қалыптастыру, сақтау және пайдалану бөлігінде кеңейту, Ұлттық архив қорының құрамын тәжірибелік-конструкторлық, жобалық-сметалық және қала құрылысы құжаттамасын, олардың сызбалары мен мәтіндік жазбаларын қоса отырып ұлғайту көзделген», – делінген құжатта.

Сонымен қатар Ұлттық архив қорының құжаттарына және жеке адамның жеке өмірі, жеке және отбасылық құпиясы туралы мәліметтерді қамтитын өзге де архивтік құжаттарға қол жеткізуді аталған құжаттар жасалған күннен бастап 75 жыл мерзімге шектеу нормасы енгізілетіні хабарланды.

«Заңда электрондық архивті жүргізу және құжаттарды сақтауға тапсыру тәртібі регламенттеледі. Электрондық архив уәкілетті орган белгілеген тәртіппен ұйымдастырылатын және электрондық түрде сақталатын электрондық архивтік құжаттар мен архивтік құжаттардың электрондық көшірмелерінің жиынтығы болып табылады. Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау мақсатында мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен, оның ішінде бірлескен қаржыландыру арқылы жасалған және тарихи-мәдени әрі ғылыми құндылығы бар аудиовизуалды құжаттардың міндетті даналарын жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік архивтерге тапсыруы жөніндегі норма бекітілді», – делінген қорытындыда.