Logo
Іздеу
Айдарлар

«Бір макияж үшін он мың» — голливудтық стилист Әлия Назарбаеваның жомарттығы туралы айтты

/
«Бір макияж үшін он мың» — голливудтық стилист Әлия Назарбаеваның жомарттығы туралы айтты
Сурет: ашық дереккөзден

Голливудтық визажист әрі стилист Роберт Минасян осыдан 15–20 жыл бұрын Алматыға жасаған сапарын еске алды. Оны бұрынғы президент Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаева туған күніне жеке өзі шақырған. Бір күндік жұмысы үшін ол қомақты қаламақы алған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оның пікірі жазылған видеоны журналист әрі блогер Рустам Солнцев өзінің YouTube-арнасында жариялады.

«Қысқасы, Әлия Назарбаева мені макияж жасау үшін туған күніне шақырды. Мен олардың қасында бес күн бойы болдым. Кешке дейін ішімдік ішіп, көңіл көтердік. Қанша таптым? Көп ақша. Олар, бәлкім, ақша аямайтын шығар. Бір макияж үшін, сол күнге маған он мың берді. Естен танарлық жағдай. Бірақ мен оның үйінде ішіп-жеп, бәрін тегін пайдаландым ғой», — деді стилист.

Назарбаеваның қаламақыны қай валютамен төлегенін Минасян нақтыламады. Дегенмен, сөз он мың доллар туралы болуы әбден мүмкін.

Сонымен қатар, ол әңгіме барысында Әлия Назарбаеваның Светлана есімді жақын құрбысын атап өтті. Әлия оны «бриллиант бизнесімен» айналысатын адам ретінде таныстырған. Минасян Светлананың сән-салтанатын әлі күнге дейін ұмыта алмайтынын айтады. Мысалы, оның қолында сол кездің өзінде құны 50 мың доллар тұратын Birkin сөмкесі болған.

Сөз, сірә, Светлана Коротенко туралы болып отыр. Ол шынымен де  бұрынғы президенттің қызының жақын құрбысы. Назарбаева оған сенгені сондай, тіпті «Оператор РОП» ЖШС-нің басшылығын сеніп тапсырған.

Бірнеше жыл бұрын Астана соты Коротенконы бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша кінәлі деп таныды. Ол мүлкі тәркіленіп, басшылық лауазымдарды иелену құқығынан айырыла отырып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды.