Logo
Іздеу
Айдарлар

2-3 жерде жұмыс істейтіндерге тықыр таянды: Енді оларға салық салынады

/
2-3 жерде жұмыс істейтіндерге тықыр таянды: Енді оларға салық салынады
shutterstock.com

Бірнеше жерде еңбек етіп, жоғары табыс табатын азаматтар не себепті декларация тапсырады деген сауалға Мемлекеттік кірістер комитеті түсініктеме берді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, айына 3 млн теңгеден, ал жылдық есеппен 36 млн теңгеден асатын табысқа ие қазақстандықтар прогрессивті жеке табыс салығын төлеуге міндетті болады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов мәлімдеді. Оның айтуынша, бірнеше кіріс көзі бар азаматтардың салықтық жауапкершілігі де арта түседі.

"Қазір бізде жеке табыс салығының бірыңғай 10 пайыздық мөлшерлемесі қолданылады. Ал келесі жылдан бастап табысы 36 млн теңгеге жеткен азаматтар үшін 15 пайыздық ставка енгізіледі. Егер адам бірнеше жерде жұмыс істеп, жылдық табысы осы шектен асып кетсе, ол салық декларациясын тапсыруға міндетті", – деді ол журналистерге Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдау орталығында өткен кездесуде.

Айта кетейік, жаңа Салық кодексіне сәйкес, 2026 жылдан бастап жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы күшіне енеді. Атап айтқанда, жылына 8 500 АЕК-ке дейінгі табысқа (2026 жылы 1 АЕК – 4 325 теңге, яғни 8 500 АЕК – 36,7 млн теңге шамасында) 10% мөлшерлеме қолданылады. Осы сомадан асатын кірістерге 15% салық салынады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері бұл өзгеріс, негізінен, жалақысы жоғары әрі бірнеше табыс көзі бар азаматтарға қатысты екенін атап өтті. Яғни ай сайын шамамен 3 млн теңгеден артық табыс табатындар үшін салық жүктемесі арта түспек.