Logo
Іздеу
Айдарлар

"Қазақ өлген адамды шығарып салудан мықты": Асанәлі Әшімовтің жеке жазбалары тарап кетті

/
"Қазақ өлген адамды шығарып салудан мықты": Асанәлі Әшімовтің жеке жазбалары тарап кетті
ашық дереккөзден

Қазақстанның халық әртісі, аңыз тұлға Асанәлі Әшімов жастайынан-ақ күнделік жазуды әдетке айналдырған. Соңғы күндері әлеуметтік желілерде актердің әр жылдары қағазға түсірген жеке жазбалары тарап, көпшіліктің жүрегіне ерекше әсер етті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сақталған күнделік парақтары өнер иесінің ішкі әлемін, өмірге, қоғамға және тағдырға деген көзқарасын бүкпесіз, бар болмысымен ашады. Онда Асанәлі Әшімовтің қуанышы мен қайғысы, шығармашылық толғаныстары, елге деген алаңдаушылығы, жеке өміріндегі ауыр сәттер мен тағдыр сынақтары ешқандай әсірелеусіз, шынайы қалпында көрініс тапқан.

01.01.1985
Биыл жалпы Шоқанның жылы. Тағы да күнделік бастадым. Студент кезімде 13 дәптерім болған. Жоғалды. Салақтық.

***

25.05.1992
…Телефон арқылы Оралхан Бөкеевпен біраз жылы сөз айтыстық. "Газетті творчествосы таусылған біреуге тапсырып, жазуға кіріссем деймін" дейді. Бірақ мансап деген пәле қазаққа дерт боп жабысқан, айырылғысы келмейді.

***

10.06.1992
Қазақ өлген адамды шығарып салудан мықты. Тірісінде соның 3 пайызы болса…

***

14.03.1993
Мюнхень. Майра ауруханада. Ес-түссіз. Бүгін отау құрғанымызға 35 жыл. Қасымда ұлым Мәди.

***

11.01.1994
Кино үйі. Депутаттыққа ұсынған екен. Соған отказ беруге бардым.

***

06.03.1997
Баспасөз министрі Алтынбек Сәрсенбаевқа бардым. Фотоальбомымды шығаруға көмектесетінін, орынбасары Әлібек Асқаровқа тапсырғанын айтып, жүректі жібітті.

***

01.01.1999
Мәдидің дүниеден өткен күн. Адал да, ақылды баламды жоғалтып, сорлап қалған қаралы күн.

***

01.09.1999
"Үйдің берекесі әйелге байланысты" дегенге көзім толық жетті.

***

18.10.1999
Сағиым үйге келіп, апаммен әңгімелесіп отырғанында келдім. Таңданып: "Мұндай уақытта келе бермеуші едің" дедім. "Аға, қонғалы келдім" деді. Ваннага түсіп, бөлек бөлмеге төсек салып жатып қалды. Содан тұрмай қалды ғой, құлыным. Мен үшін жұмбақ.

***

06.12.2000
"Тарлан" деген сыйлық ойлап тауып, енді, әсіресе, талантсыздарды жүгіртіп қойды.

***

24.01.2001
Қазақтың тамақ пен бос әңгімеге жаны құмар.

***

15.03.2003
Ауруханаға соғып Бағдатты үйге алып кеттім. Бағдаттың инициативасы. Үйдің берекесін кіргізетін әйелдер болады, Майра сияқты. Бұл да солай-ау деймін. Дай бог!