Ресейдің Самар облыстық думасының отырысында Арнайы әскери операцияны тоқтату ұсынылды. Алайда, депутаттар бұл бастаманы көтерген адамның үстінен құқық қорғау органдарына арыз жазып, оны «шетелдік агент» ретінде тексеруді ұйғарған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Кеше Самара губерниялық думасында аймақтық парламентте өкілдігі жоқ партияларға сөз беру мүмкіндігі берілді. Жергілікті «Засекин» арнасының хабарлауынша, мінберге тек бір адам — «Ресей Демократиялық партиясының» 69 жастағы өкілі Григорий Еремеев шыққан. Бұған дейін ол Мемлекеттік думаға және Самара облысының губернаторлығына үміткер ретінде ұсынылғанымен, тіркеуден өтпеген болатын.
Еремеев мінберде тұрып Арнайы әскери операция нәтижелерін сынға алып, депутаттарға «сәтсіздік үшін кінәні мойындап, азаматтардан кешірім сұрауды» және отставкаға кетуді ұсынды. Сондай-ақ, ол кетер алдында Президентке әскери қимылдарды тоқтату туралы ұсыныс тастауды сұрады.
Алайда бұл ұсыныс қолдау таппады. «Единая Россия» партиясының депутаты Екатерина Кузьмичева саясаткердің үстінен тергеу органдарына арыз түсіруді шешті. Сонымен қатар, оны «шетелдік агент» мәртебесіне тексеруді талап етіп, бұл сөзді депутаттар шақырылымының беделін түсіруге бағытталған жоспарлы акция деп бағалады. Еремеевтің сөзі жазылған бейнежазба өшіріліп үлгерді, қазір тек скриншоттар ғана қалған.