Өзбекстан ғарыш кеңістігін игеру бағытында маңызды тарихи кезеңге қадам басты. Ел билігі алғашқы ұлттық ғарышкерді және жасанды жер серігін ғарышқа ұшыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
Spot.uz жазуынша, 26 желтоқсанда парламент пен халыққа арнаған Жолдауында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев аталған бағыттағы жұмыстардың ресми түрде басталғанын мәлімдеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл бастама елдің ғылыми-техникалық әлеуетін арттырып, «Жаңа Өзбекстан» даму тұжырымдамасын жаңа деңгейге көтеруге жол ашады.
"Бұл жоба еліміздің ғылым мен технология саласындағы серпінді дамуына қуатты ықпал етеді деп сенемін. Өзбекстанның тұңғыш ғарышкері ата-бабаларымыз зерттеген жұлдыздарды өз көзімен тамашалайтын күн алыс емес", – деді президент.