Logo
Іздеу
Айдарлар

Трамп пен Зеленскийдің кездесуі немен аяқталды?

/
Трамп пен Зеленскийдің кездесуі немен аяқталды?
Сурет: ашық дереккөзден

Флоридадағы Трамптың резиденциясында Украина президенті Владимир Зеленский мен АҚШ  президенті арасында тарихи маңызы бар кездесу өтті. Екі сағатқа созылған жабық есік жағдайындағы келіссөздер қақтығысты реттеудегі жаңа кезеңнің басы болуы мүмкін, деп хабарлайды Arasha.kz.

Дональд Трамптың мәлімдеуінше, тараптар бейбіт келісімге келуге өте жақын. «Бейбітшілік келісімі дайын дерлік, үлкен прогресс бар. Тек бір-екі түйткілді мәселені шешу ғана қалды», — деді ол.

Өз кезегінде Владимир Зеленский бейбітшілік жоспарының 90 пайызы дайын екенін растады. Президенттің айтуынша, қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты блок толықтай келісілген. Зеленский өзінің Telegram-арнасында: «Украина бейбітшілікке дайын», — деп қысқа қайырды.

Келіссөздердің ең күрделі тұсы — аумақтық тұтастық мәселесі әлі де ашық қалып отыр. Трамп тараптарды келісімге тезірек келуге шақырды: «Украинаға қазір мәмілеге келген тиімді, әйтпесе олар бұдан да көп жері мен адамынан айырылуы мүмкін».

Зеленский келісімнің кейбір тармақтары бойынша халықтық референдум өткізу мүмкіндігін жоққа шығармады. Бұл маңызды шешімдердің легитимділігін қамтамасыз ету үшін жасалуы мүмкін қадам ретінде бағалануда.

Келісімнің орындалуына басты жауапкершілікті Еуропа елдері алмақ. Ал АҚШ тарапынан Ресеймен тікелей жұмыс істейтін арнайы топ құрылды. Оның құрамына Марко Рубио, Пит Хегсет және Джаред Кушнер секілді ықпалды саясаткерлер енді.

Кездесу қарсаңында Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен бір сағаттан астам уақыт сөйлескен. Трамптың айтуынша, Путин Украинаны қалпына келтіру мәселесінде «үлкен жомарттық» танытуға дайын екенін білдірген.

Сонымен қатар, Запорожье АЭС-ін қайта іске қосу мәселесі де талқыланды. Алайда Мәскеу соғыс қимылдарын түпкілікті тоқтату үшін Киевтің Донбасс бойынша саяси шешім қабылдауы қажеттігін алға тартып отыр.

Келіссөздер марафоны мұнымен тоқтамайды. Келесі маңызды кездесу 29 желтоқсанға жоспарланған. Сарапшылардың пікірінше, Украинадағы қақтығыстың тағдыры алдағы бірнеше аптада шешілмек. «Келіссөздерді созудың мағынасы жоқ», — деген ортақ ұстаным тараптардың бұл жолы мәселені түбегейлі шешуге бекініп отырғанын аңғартады.