Экономика экс-министрі, сотталған Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі алиментке қатысты сот дауы туралы айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Назым Қахарманның сөзінше, балаларының әкесі ата-аналық міндеттерін орындаудан тағы да қашуға тырысқан. Бұл жолы ол алимент мөлшерін азайтуды талап етіп, сотқа арыз түсірген. Бишімбаев тарапының уәжі ажырасу кезінде жасалған алимент туралы келісім бойынша «төлеуге мүмкіндігі жоқ» дегенге тірелді.
«Алимент туралы келісім — бұл ең күшті заңды құралдардың бірі. Оны жайдан-жай тоқтата салуға немесе "орындамаймын деп айнуға" болмайды. Ол тек балаларды ғана емес, сонымен бірге анасы мен әкесін де қорғайды», — деді Қахарман.
Ол Салтанат Нүкенованың өлімі үшін түрмеде отырған айыпталушының қаржылық жағдайы жететінін адвокаттары дәлелдегенін айтады.
«Менің адвокаттарым Қуандықтың алиментті әлі 15 жыл бойы төлей алатынын құжатпен дәлелдеді. 15 жыл, елестетіп көріңізші?», - дейді бұрынғы әйелі.
Қахарманның айтуынша, сотқа дейін Бишімбаев бірнеше жылжымайтын мүлік нысанын «жақында 26-ға толатын» кәмелетке толған үлкен ұлына беріп жіберген. Мұндағы мақсат — кәмелетке толмаған балаларына алимент төлемеу.
Қахарман соттың төлемді азайтудан бас тартқанын және Бишімбаевты алимент келісімінің шарттарын орындауға міндеттегенін бөлісті.
«Егер Қуандық ақылға сыйымсыз істер жасап, өзін-өзі құртпағанда, қазір ол мультимиллионер, тіпті миллиардер болар ма еді. Ондай жағдайда бұл келісім оны қорғайтын еді — мен одан артық соманы талап ете алмас едім», - дейді ол.
Бишімбаев бұған дейін де алимент сомасын азайтуға тырысқан. Бірақ ол кезде де оның бұл әрекетінен түк шықпады.