Logo
Іздеу
Айдарлар

Енді ешкімге онлайн несие берілмейді, міндетті түрде банкке бару керек

/
Енді ешкімге онлайн несие берілмейді, міндетті түрде банкке бару керек
depositphotos.com

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов банктер туралы заң жобасына бірқатар маңызды өзгерістер енгізілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұдан былай банктер онлайн форматта несие бере алмайды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Депутаттың сөзінше, бұл өзгерістер Мәжілістің биылғы соңғы отырысында өзі және әріптесі Бақытжан Базарбек ұсынған түзетулердің толық сақталуымен қабылданған.

"Біз бұл нормалардың өзгеріссіз қалғанын қадағалап отырдық. Егер біреу оны бұрмалауға тырысса, бейжай қалмаймыз. Бұрын банктер несиеге шектеусіз жол ашып қойған еді. Енді онлайн кредит мүлде берілмейді. Азамат банкке өзі баруы керек, жеке қол қоюы тиіс және жалақысы туралы нақты мәлімет ұсынуы қажет. Бұл талаптар орындалмаса, несие беруге тыйым салынады", – деді Мұрат Әбенов.

Оның айтуынша, пандемия кезінде банктер электронды үкімет жүйесіне қол жеткізіп, азаматтардың жеке деректерін кең көлемде пайдалана бастаған. Мәселен, кейбір банктер қосымшалары арқылы клиенттердің құжаттарын олардың рұқсатынсыз көре алған.

"Қазір кез келген банк қызметкері азаматқа ескертпей-ақ оның мәліметтеріне қол жеткізе алады. Сондықтан біз заңға өзгеріс енгіздік: барлық тексеру тек Ұлттық банк арқылы өтуі керек. Жеке банктердің eGov жүйесіне тікелей кіру құқығы болмауы тиіс. Олар жеке компания, ал деректердің қалай қолданылатынына кепіл жоқ", – деді депутат.

Сондай-ақ жаңа талаптарға сәйкес, банктер антифрод жүйесі немесе биометриялық сәйкестендіруден дұрыс өтпей рәсімделген несиелерді жоюға міндетті болады. Бұған қоса, егер клиент сотқа жүгінсе, банк 10 күн ішінде несие қандай құжаттар негізінде берілгенін, биометрия қалай рәсімделгенін толық көрсетуге тиіс.