Желтоқсан айында Қазақстанда мұнай өндіру шамамен алты пайызға төмендеді. Бұған Украинаның Каспий құбыр консорциумының (КҚК) Новороссийскідегі терминалына жасаған дрон шабуылы себеп болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Reuters агенттігінің мәліметінше, 1–28 желтоқсан аралығында Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын өндіру тәулігіне 1,93 млн баррельге дейін азайған.
Бұған Теңіз кен орнындағы өндірістің 10 пайызға қысқарып, тәулігіне 719,8 мың баррельді құрауы әсер еткен. Дәл осы кен орнынан өндірілген мұнай негізінен КҚК құбыры арқылы экспортталады. Reuters дереккөзі экспорттық шектеулер жобаның жоспарланған көлемге шығуын тежегенін атап өтті.
«29 қарашадағы шабуылдан кейін желтоқсан айында CPC Blend маркалы қазақстандық мұнай экспорты соңғы 14 айдағы ең төмен деңгейге түсті. Терминал арқылы жеткізу 19 пайызға қысқарып, тәулігіне 1,082 млн баррельді құрады. КҚК сонымен қатар аз көлемде ресейлік мұнайды да тасымалдайды», — деп жазады агенттік.
Қазақстан экспортының бір бөлігін баламалы бағыттарға, соның ішінде Баку — Тбилиси — Джейхан құбыры арқылы қайта бағыттаған.