Иранда жаппай наразылықтар төртінші күн қатарынан өтіп жатыр. Тегеранда алғашқы ұсталғандар тіркелді — Тегеран университетінің төрт студенті қамауға алынды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ұстап әкетуді нақты қай күштік құрылым жүргізгені және студенттердің қазір қайда екені ресми түрде хабарланған жоқ. Бұған дейін студенттік газет университет ғимаратының күштік құрылым өкілдерімен қоршалғанын, ал наразылыққа қатысушылардың орталық кампус аумағында бұғатталғанын жазған.
Наразылықтар 28 желтоқсанда Тегерандағы басты базарда басталды. Алдымен ұялы телефон сатушылар, кейін басқа да кәсіпкерлер дүкендерін жауып, елдегі экономикалық жағдайдың нашарлауына қарсылық білдірді. Кейінірек акциялар елдің өзге де ірі қалаларына тарады.
Уақыт өте келе наразылықтар экономикалық талаптар шеңберінен шығып, саяси сипат ала бастады. Көшелерде «Диктаторға өлім» деген ұрандар айтылуда.