Кешігулердің басым бөлігі Air Astana әуекомпаниясына тиесілі. Онлайн-табло мәліметінше, Дели, Мумбай, Сеул, Бангкок, Гуанчжоу, Ақтау, Атырау, Үрімжі, Шымкент және Фукуок бағыттары бойынша 20-дан астам рейс кешіктірілген. Сондай-ақ Қытай, Үндістан, Иран және Гонконг әуекомпанияларының ұшу уақыты өзгерді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Air Astana өкілдері рейстердің кешігуіне ауа райының қолайсыздығы себеп болғанын түсіндірді:
3-нен 4-қаңтарға қараған түні Алматыда асқын салқындаған тұман болып, көріну мүмкіндігі 150 метрден де төмендеген.
Осыған байланысты Airbus A320 тобындағы ұшақтардың ұшуына шектеу қойылды.
4-қаңтар күні таңертең Астана әуежайындағы қолайсыз ауа райы да кестеге қосымша әсер етті.
«Әуекомпания кестені қалпына келтіру үшін барлық шараларды қабылдауда, соның ішінде FlyArystan әуекомпаниясының резервтік ұшағы жұмылдырылды», — делінген Air Astana хабарламасында.
Жолаушыларға әуежайға шықпас бұрын рейс мәртебесін әуекомпанияның сайтынан алдын ала тексеру ұсынылады.