Logo
Іздеу
Айдарлар

Венесуэладан кейін кезек кімге келеді: Трамп тағы екі елге қатаң ескерту жасады

/
Венесуэладан кейін кезек кімге келеді: Трамп тағы екі елге қатаң ескерту жасады
Joe Raedle / Getty Images. Суретте: Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп 2026 жылғы 3 қаңтарда Венесуэлада жүргізілген америкалық әскери операциядан кейін қатаң мәлімдемелер жасады. Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында ол тек Венесуэлаға ғана емес, көршілес Колумбия мен Кубаға қатысты да ескертулер айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ақ үйдің ресми YouTube арнасында тікелей көрсетілген баспасөз конференциясында Трамп Колумбия президенті Густаво Петроны наркобизнеспен байланысы бар деп айыптады. Оның айтуынша, ел аумағында кокаин өндіретін нысандар жұмыс істейді.

"Онда кокаин шығаратын фабрикалар мен зауыттар бар. Мен алғашқы мәлімдемемде айтқан сөзімде қаламын – оған сақ болғаны жөн", – деді Трамп.

Бұл сөздер Венесуэладағы жағдай ушығып тұрған шақта айтылып, АҚШ пен Колумбия арасындағы дипломатиялық шиеленісті күшейтуі мүмкін. Трамп Кубадағы ахуалға да тоқталды. Оның сөзінше, аралдағы әлеуметтік-экономикалық жағдай ауыр, ал Вашингтон кубалықтарға көмектесу мүмкіндігін қарастырып отыр.

"Қазір Кубаның жағдайы өте мүшкіл. Біз халыққа көмектескіміз келеді", – деді АҚШ басшысы.

Бұл ұстанымды АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да қолдап, Гавана билігі алдағы салдарды ескеруі тиіс екенін, әйтпесе халықаралық деңгейде күрделі нәтижелерге тап болуы мүмкін екенін айтты.

Трамптың қатаң риторикасы Венесуэлада болған оқиғалардан кейін күшейді. Ел астанасы Каракаста жарылыстар тіркеліп, жағдай одан әрі шиеленісе түсті. Бұған жауап ретінде Колумбия БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын талап етті, ал Венесуэла президенті Николас Мадуро бүкіл ел аумағында төтенше жағдай жариялады. Кейінірек Трамп Мадуро мен оның жұбайы ұсталып, елден шығарылғанын мәлімдеді. Бұл ақпарат халықаралық деңгейде қызу пікірталас пен наразылық тудырды.