1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енді. Мемлекеттік кірістер комитеті бизнес үшін өтпелі кезең 28 ақпанға дейін жалғасатынын еске салды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Енді елде үш арнайы салық режимі (АСР) қолданылады:
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін;
Оңайлатылған декларация негізінде;
Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР-ды жеке кәсіпкер (ЖК) мәртебесі жоқ және жалдамалы жұмысшылары жоқ жеке тұлғалар қолдана алады. Бұл өз бетінше жұмыс істейтіндерге қатысты, олардың арасында такси, тамақ жеткізу, курьерлік және шаштараз қызметтері бар. Үкімет бекіткен тізімде барлығы 40 қызмет түрі қамтылған.
2025 жылы патент бойынша немесе арнайы мобильді қосымша арқылы жұмыс істеген ЖК-лер 28 ақпанға дейін есептен шығуы тиіс (және қаласа, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына өтуі керек). «Жеке тұлғалар үшін өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың АСР-ын қолдану арнайы мобильді қосымшада чек соғылған айдан бастап танылады», — делінген хабарламада.
Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ға келетін болсақ, бұл режимге барлық салық төлеушілер көшуге құқылы. Хабарламаны 1 қаңтар мен 28 ақпан аралығында өткізу қажет. Бұл «оңайлатылған режимдегі» салық төлеушілерге де, 2025 жылы жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істегендерге де қатысты.
«2026 жылғы 1 қаңтар мен 28 ақпан аралығында 2025 жылы жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолданған салық төлеушілер (соның ішінде 2025 жылдың соңында АСР талаптарына сәйкес келмегендіктен осы тәртіпке ауысқандар да), егер АСР шарттарына сәйкес келсе, қолданылатын салық режимі туралы хабарлама бере алады. Бұл ретте екінші бөлімде "оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ға көшу туралы" белгі қойылып, режимнің басталу мерзімі ретінде 2026 жылғы 1 қаңтар көрсетілуі тиіс», — деп нақтылады комитет өкілдері.
Ведомство ескертеді: егер хабарлама уақытылы берілмесе, 1 наурыздан бастап салық төлеуші автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген режимге ауыстырылады және ол 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап есептеледі.