«Сирия демократиялық күштері» (СДК) күрд коалициясы 4 қаңтарда Дамаскіде өтпелі үкіметпен елдің солтүстік-шығысындағы жағдайды реттеуге арналған келіссөздер өткізді, деп жазды Al Watan газеті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Басылымның мәліметінше, күрд делегациясын СДК қолбасшысы Мазлюм Абди бастап барған. Кездесуге АҚШ-тың бастамасымен құрылған халықаралық терроризмге қарсы коалицияның жедел штабын басқаратын америкалық генерал Кевин Ламберт қатысты.
Үкіметтегі дереккөз басылымға берген ақпаратында, 2025 жылдың желтоқсанында Алеппода болған қарулы қақтығыстардан кейін тараптар арасындағы диалогтың қайта жандануы «әзірге айтарлықтай нәтиже бермегенін» айтты. Оның пайымдауынша, күрдтер 2024 жылғы 10 наурыздағы келісімді жүзеге асыруды әлі де созбаққа салып отыр. Бұл келісім СДК сарбаздарын тұрақты армия құрамына қосуды және «олардың бақылауындағы аумақтарды Сирияның қалған бөлігімен қайта біріктіруді» қарастырады.
Өз кезегінде СДК ресми өкілі Фархад Шами Rudaw телеарнасына берген сұхбатында Сирияның солтүстік-шығыс аймақтарында СДК негізінде үш дивизия құру жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Дамаскідегі кездесуде бірлескен терроризмге қарсы құрылымдар мен шекараны күзететін арнайы бригада құру мәселесі талқыланған. Сонымен қатар, СДК-ның әйелдерден тұратын өзін-өзі қорғау жасақтары жеке арнайы бөлімшенің құрамына кіретін болады.