Logo
Іздеу
Айдарлар

"Бірқатар қо­ғам қайраткерлерінің мұрасынан Абай ілімі әлдеқайда биік" – Тоқаев

/
"Бірқатар қо­ғам қайраткерлерінің мұрасынан Абай ілімі әлдеқайда биік" – Тоқаев
Ақорда. Суретте: Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Turkistan" газетіне берген сұхбатында тарихты саясаттың құралына айналдыруға түбегейлі қарсы екенін айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Президенттің сөзінше, әзіл айта білу мен тарихи деректерді терең түсіну үлкен саясатта жоғары бағаланғанымен, өзі кәсіби тарихшы болмағандықтан, көпшілік алдында өткен дәуірлерге қатысты пікір айтуға асықпайды.

"Белгілі жазушы, драматург Эдвард Рад­зинский өткен ғасырдағы 80-жыл­дардың басында Сталин туралы ір­ге­лі зерттеу кітабын жазуға кіріскенін ай­тыпты. Қаламгердің елге "қайта құру қаһар­ман­дары" ретінде танылған достары "Се­нің Сталинің кімге қажет? Ашықтық пен демократия дәуірі басталғанын біл­мей­сің бе? Сталинизм заманы келмеске кетті" деп кекетсе керек. Сонда жазушы "Мен кітапты жазып бітірген кезде жұрт Сталиннің суретін көтеріп алып, көшеде жүретін болады" деген екен. Ақыры солай болып шықты. Тарихтан талай нәрсені үйренуге бо­лады, күні кеше ғана қуғында жүрген жан­дар ертең-ақ ұлы тұлға атанады. Есесіне, Ленин сынды көсемдердің әжуа­ға айналуы оп-оңай, халық оның қанат­ты сөздерін әлдеқашан ұмытқан. Ал, Троц­кий өз естеліктерінде "партия­мыз­дың ең көрнекті ортақол адамы" деп атаған Сталинді қазір жұрт мадақтайды, тіпті, "Кадр бәрін шешеді", "Бала әкесі үшін жауап бермейді", "Өмір қандай кере­мет, өмір қандай көңілді", "Табыстан бас айналу", "Гитлерлер келеді-кетеді, ал неміс халқы қала береді" деген сөздері үшін пір тұтады. Осындай тарихи пара­докстар бізде де аз емес", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан тарихында да қайшылықты оқиғалар мен аңызға айналған тұлғалар аз емес екенін айтып, тарихи деректерді бұрмалау мен нақты дәлелі жоқ адамдарды шамадан тыс дәріптеуді ақылға қонымсыз деп бағалады.

"Соңғы жылдары Қазақстанда тарих ­ты талқылау сәнге айналды. Түрлі под­каст­тар, фильмдер, мақалалар мен кітап­тар шығып жатыр. Әрине, халық­тың төл шежіресін тануға деген қызы­ғу­шылығын түсінуге болады. Жалпы, бұл – құптарлық дүние.  Алайда, өкінішке қарай, мемлекетке ке­сірі тиетінін жете түсінбей, көп­ші­лік­тің көңілін табу үшін ойдан шығарылған дерек­тер мен жалған ақпараттар тара­та­тын, халқымыздың басынан өткен қиын­дықтарға өзге жұртты кінәлайтын тарих­шысымақтар пайда болды. Жұрт олар­дың сандырағына сеніп, өткен дәуір­дің жал­ған батырларын ұлықтай бастады. Мұның соңы жақсылыққа апар­майды. Бұл – ақиқат жолы емес, кері­сінше "жал­ған түсінік туғызатын теріс жол". Біз болашаққа ұмтылған қоғам, бір­тұтас ұлт ретінде төл тарихымызды танып, оны қаз-қалпында қабылдай білуіміз керек. Бізге негізсіз аңыз-әңгі­мелердің еш қажеті жоқ, оның бәрі сана-сезімімізге кеселін тигізеді. Тарих жұртты дауластыратын, жауластыратын тақырып емес, керісінше, қоғамды ұйыстыратын құндылық болуға тиіс. Ойдан шығарыл­маған, яғни ақиқатқа құрылған шежіре бізді тарихтан тағы­лым алып, кемшілік­терімізді түзетуге, сол арқылы болашаққа сеніммен қадам басуға үйретеді. Сон­дықтан, біз Абайды және оның ой-толғамдарын кеңінен дәріп­теп келеміз. Ол қоғамдағы кемші­лік­терді бүкпесіз айтып, "Толық адам" болуға бастайтын дұрыс жолды нұсқап кетті. Ұлы ойшыл­дың ұрпаққа қалдыр­ған баға жетпес мұрасы саналатын "Қара сөздері" әлі күн­ге дейін өзекті болып отыр. Абай халқымыздың еңбекқор, білім­паз және адамгершілігі жоғары болға­нын қалады. Мән-мағынасы жоқ сансыз пікірталастан басқа ұрпаққа ұлағат бо­­­­ларлық сөз қалдырмаған бірқатар қо­ғам қайраткерлерінің мұрасынан Абай ілімі әлдеқайда биік тұрғаны анық. Бірде-бір дәуірде, әсіресе, саяси аласа­пыран­дар кезеңінде көпірме сөздің еш пайдасы болмаған", – деді Тоқаев.