Ақтау қаласының мамандандырылған ХҚКО-сындағы (арнайы ХҚКО) адам кептелісі видеоға түсіп қалды. Жағдайға қатысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өңірлік филиалы түсініктеме берді, деп жазды Lada.kz.
Бүгін, 5 қаңтарда Ақтаудағы арнайы ХҚКО-да жиналған халықтың видеосы тарады. Кадрлардан адамдардың көптігі соншалық, кезек мекеменің сыртына, далаға дейін созылғанын көруге болады.
«Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ өңірлік филиалы бүгін таңертең қызмет алушылардың біршама жиналып қалғанын растады.
Бұл кептеліске мемлекеттік тіркеу нөмірін (МТНБ) еркін таңдау мүмкіндігін қарастыратын жаңа норманың енгізілгені туралы жаңалық себеп болған.
«Қазіргі уақытта арнайы ХҚКО штаттық режимде жұмыс істеп тұр, жағдай тұрақты, жүйеде іркілістер байқалмайды», - деп сендірді мемлекеттік корпорация өкілдері.
Сондай-ақ Қазақстанның басқа қалаларындағы, мысалы, Ақтөбедегі арнайы ХҚКО-ларда да осындай адам кептелісі болып жатқаны хабарланды.
Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы 5 қаңтардан бастап қазақстандықтар кез келген қалаған цифрлық және әріптік белгілері бар мемлекеттік нөмірлерді өз бетінше таңдай алады. Тек жоғары сұранысқа ие (VIP) нөмірлер бұл тізімге кірмейді, оларды алу үшін бөлек мемлекеттік баж салығы қарастырылған.