Logo
Іздеу
Айдарлар

Ай сайынғы несиені төлеуге ақшаңыз жоқ болса, не істеуге болады?

/
Ай сайынғы несиені төлеуге ақшаңыз жоқ болса, не істеуге болады?
freepik.com

Несие алар сәтте көпшілік өз мүмкіндігін дұрыс бағалап, ай сайынғы төлемді қиындықсыз өтей алатынына сенеді. Алайда өмірде күтпеген жағдайлар жиі кездеседі: жұмыссыз қалу, табыстың азаюы, денсаулыққа байланысты қиындықтар. Осындай сәттерде алдағы бірнеше айда қаржылық жағдайды түзету мүмкін болмай жатса, не істеу керек? Бұл жөнінде сарапшылар бірнеше маңызды кеңес ұсынады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Банкпен байланыс үзбеу маңызды

Ең бастысы – қарызды уақытында төлемей жатқаныңыз үшін банк өкілдері хабарласқанда, олардан қашпау. Жауапкершіліктен жалтару жағдайды ушықтыра түседі. Өсімпұл жиналып, іс сотқа дейін баруы мүмкін. Сондықтан алғашқы қадамды өзіңіз жасап, банкке барып, жағдайыңызды ашық түсіндіргеніңіз жөн.

Банк қарызды кешіре салмайтыны анық, бірақ тараптар арасында келісімге келудің жолдары бар. Мысалы, төлемді уақытша шегеру немесе шарттарды қайта қарау мүмкіндігі ұсынылуы ықтимал.

Төлемді шегеру мен қайта құрылымдау

Төлемді бірнеше айға шегеру – ең соңғы амалдардың бірі. Бұл жағдайда төленбеген айлар кейінгі төлемдерге қосылып, ай сайынғы сома ұлғаюы мүмкін. Сондықтан мұндай шешімді тек шынымен тығырыққа тірелгенде ғана қарастырған жөн.

Ал қайта құрылымдау кезінде кредиттің мерзімі ұзартылып, ай сайынғы төлем азаяды. Мәселен, 5 жылға алынған несие 7 жылға созылуы мүмкін. Бұл жеңілдік бергенімен, жалпы төленетін сома көбейетінін ескерген абзал.

Құжатпен дәлелдеу қажет

Банкке барғанда ауызша уәдемен шектелмей, нақты дәлелдер апару керек. Жұмыстан босатылғаныңыз туралы анықтама, уақытша еңбекке жарамсыздық парағы сияқты құжаттар келіссөзді жеңілдетеді. Сондай-ақ орындай алмайтын уәделер беруден аулақ болыңыз.

Бір несиені жабу үшін екіншісін алу – қауіпті жол

Айлық төлемді жабу үшін жаңа несие алу көп жағдайда жағдайды одан әрі қиындатады. Әсіресе микрокаржы ұйымдарының жоғары пайыздары қарыз жүктемесін ауырлатады. Қарызды қарызбен жабу – уақытша ғана шешім.

Төлем жасалмаса не болады?

Несие төлемеу коллекторлардың араласуына, сот процесіне, есепшоттардың бұғатталуына, мүліктің тәркіленуіне алып келуі мүмкін. Тіпті борышкерлер тізіміне енсеңіз, шетелге шығу шектеледі. Сондықтан мәселені сотқа жеткізбей шешкен әлдеқайда тиімді.

Банкроттық – ең соңғы шара

Банкрот деп танылу қарыздан бірден құтқарады деген түсінік қате. Бұл жағдайда барлық мүлік сатылып, тіпті жалғыз баспанаңыздан айырылуыңыз мүмкін. Сонымен қатар болашақта несие алу, басшылық қызметке орналасу шектеледі.

Қиындықтың алдын алу жолдары

Мұндай жағдайға тап болмас үшін қарапайым қағидаларды есте ұстаған жөн:

  • Несие төлемі табыстың 30%-ынан аспауы керек;
  • Кемінде үш айлық жалақыға тең жинақ болғаны дұрыс;
  • Сақтандыруды ескерусіз қалдырмау қажет;
  • Қаржылық жағдай мүмкіндік берсе, несиені қайта қаржыландыру немесе біріктіру жолдарын қарастыруға болады.