«Азаттық» радиосы түрікмен қызметінің журналистері жоғалып кеткен блогер Дидор Амонсахатовтың жерленген жерін тауып, оның қайтыс болғаны туралы ақпаратты растады, деп хабарлайды Arasha.kz.
34 жастағы Дидор Амонсахатов әлеуметтік желілерде «Хитровский» деген лақап атпен материалдар жариялап келген. Ол TikTok желісінде Түрікменстан билігін, елдегі экономикалық жағдайды және азық-түліктің қымбаттығын сынаған. Амонсахатов 2025 жылдың қараша айының соңында кенеттен жоғалып кеткен. 18 желтоқсанда «Азаттық» радиосының журналистері өз дереккөздерінен Амонсахатовты Түрікменстанның күш құрылымдары ұстағанын және оның соққыға жығылып, азаптаудан қайтыс болған болуы мүмкін екенін білген. Алайда билік блогердің қайда екенін және оның ұсталу себептері туралы ешқандай түсініктеме бермеген.
Аты-жөнін жасыруды қалаған Түрікменстан тұрғыны «Азаттық» радиосына Хитровскийдің парақшасында блогердің өліміне байланысты көңіл айтқаннан кейін өзінің жауап алуға шақырылғанын айтып берді. Жауап алу кезінде Түрікменстан Қауіпсіздік қызметінің қызметкері блогердің тағдыры үкіметті сынайтын кез келген адам үшін сабақ болуы тиіс деп сес көрсеткен.
Соңғы видеоларының бірінде Хитровский ет бағасының күрт өсуін сынап, бұл өнімнің Түрікменстан тұрғындары үшін қолжетімсіз болып қалғанын жазған. Елде азық-түлік дағдарысы болып жатқанын бұған дейін «Азаттық» радиосы мен басқа да тәуелсіз БАҚ-тар хабарлаған еді. Осыған қарамастан, Түрікменстан билігі елдегі азық-түлік бағасына, сондай-ақ жұмыссыздық немесе халықтың тұрмыс деңгейінің төмендігіне қатысты мәселелерге ешқашан пікір білдірмейді.
Құқық қорғау ұйымдары Түрікменстанды саяси және жеке бас бостандығы, сондай-ақ баспасөз еркіндігі жоқ әлемдегі ең жабық және репрессиялық елдердің бірі деп атайды.