Кентау қаласындағы қоғамдық тамақтану орнында болған жарылыс пен одан кейінгі өрт салдарынан мекеменің 18 жастағы қызметкері қаза тапты. Қайғылы жағдай 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қыздың туыстарының айтуынша, газ иісі шығып жатқаны туралы ескертулерге қарамастан, оны жұмыстан жібермей қойған. Қауіп туралы бірнеше адам хабарлаған көрінеді. Мәлім болғандай, бойжеткен бұл жерге жұмысқа небәрі бір ай бұрын орналасқан және екінші курс студенті болған.
Жарылыс нәтижесінде тағы төрт адам зардап шекті, олардың екеуі жансақтау бөлімінде жатыр.
Қаза тапқан қыздың жақындары кінәлілерді қатаң жазалауды талап етуде. Оқиға фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.