ҚР Бас прокуратурасы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) нысандарына жасалған шабуылдарды қолдап пікір білдіргендерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Тергеуге Новороссийск қаласындағы КҚК терминалына теңіз дрондарымен жасалған шабуылдарға байланысты қалыптасқан жағдай себеп болды. Осыған орай, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым ҚР Бас прокуроры Берік Асылов пен Вице-премьер – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына депутаттық сауал жолдаған болатын.
«Қазіргі жағдай сыртқы қатерлерді ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік органдардың шұғыл әрекет етуін талап ететін ішкі мәселелерді де айқындап берді. Әлеуметтік желілерде мемлекет үшін аса маңызды осы инфрақұрылымға жасалған шабуылдарды ашық қолдап, мақұлдайтын азаматтардың жазбалары пайда болуда. Мұндай әрекеттер конституциялық сөз бостандығы құқығының шеңберінен шығып кетеді және ұлттық мүддеге тікелей зиян келтіреді», — деп атап өтті Айдос Сарым өз сауалында.
Мәжілісмен Қазақстан үшін маңызды инфрақұрылым нысандарына соққы жасауға жария түрде шақырған азаматтардың іс-әрекетіне құқықтық баға беруді сұрады. Ол бұл әрекеттерді ҚР Қылмыстық кодексінің 256-бабы (терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру) және 175-бабы (мемлекетке опасыздық жасау) бойынша саралау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ, депутат экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мұнай құбырлары мен өзге де нысандарды қиратуға шақыратын ақпарат таратпау бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді сұрады.
Кінәлілер жазаланады Мәжіліс сайтында Бас прокурор Берік Асыловтың қол қойған жауабы жарияланды.
«Сіздің 2025 жылғы 18 желтоқсандағы депутаттық сауалыңызға байланысты хабарлаймыз: 2025 жылғы 17 желтоқсанда Астана қалалық ПД Каспий құбыр консорциумының зақымдалуына қатысты азаматтардың теріс пікір білдіру фактісі бойынша ҚР ҚК 174-бабы 1-бөлігі (ұлттық араздықты қоздыру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тергеу барысында бұл тұлғаларды анықтау және олардың кінәсін дәлелдейтін айғақтарды жинау шаралары қабылдануда. Нәтижесінде олардың әрекеттеріне түпкілікті сараптама беріліп, процестік шешім қабылданады», — делінген хат мәтінінде.
Сонымен қатар, Бас прокуратура бұған дейін БАҚ-та жалған ақпарат пен заңсыз мазмұндағы жарияланымдарды таратпау туралы, мұндай әрекеттер үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік бар екенін ескертетін пресс-релиз жариялаған болатын.
«Осындай түсіндіру жұмыстарын жергілікті жерлердегі прокурорлар да тұрақты түрде жүргізіп келеді. Мәдениет және ақпарат министрлігі де өз тарапынан бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде», — деп атап өтілген жауапта.
КҚК (Каспий құбыр консорциумы) — Қазақстан мұнайының шамамен 80%-ын экспортқа шығаратын негізгі бағыт. Оның жұмысына кедергі келтіру ел экономикасына тікелей қауіп төндіреді.