Шымкентте Ұлттық ұланның 21 жастағы мерзімді қызметтегі сарбазы Данияр Амалбеков қаза тапты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бозбаланың өлімі туралы оның жақындары хабарлады. Туыстарының айтуынша, Данияр әскери қызметке бір айға жетпейтін уақыт бұрын шақырылған.
– Даниярды 2025 жылдың 9 желтоқсанында Тараз қаласынан Шымкентке әскерге алып кеткен еді. Бір ай өтпей жатып, бізге оның денесін әкеліп берді. Оған не болғанын білмейміз. Тіпті бір ай да қызмет етпеді, ауруханаға «іші ауырды» деген сылтаумен түсіп, екі күннен кейін жансақтау бөліміне ауыстырылған. Жансақтау бөлімінде оны аман алып қала алмады, тіпті диагноз да қоя алмаған! 6 қаңтарда денесін алдық, — деп хабарлады марқұмның отбасы.
Тараздан шақырылған №6506 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қызмет атқару кезінде медициналық көмекке жүгініп, қалалық ауруханаларда тексеруден өткенін Ұлттық ұланның баспасөз қызметі растады.
– 6 қаңтарда сарбаздың жүрегі кенеттен тоқтап қалды. Жүргізілген реанимациялық шаралар нәтиже бермеді, ол медициналық мекемеде қайтыс болды. Өлімнің алдын ала себебі — жедел лейкоз (аққан ауруы).
Сарбаздың өлімінен кейін қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдарын әскери-тергеу басқармасы жүргізіп жатыр.