Қазақстанда бір отбасының із-түзсіз жоғалуына қатысты іс бойынша әлеуметтік желіде өзін "атыраулық хакермін" деп таныстырған белгісіз адамның мәлімдемелері тарады. Аталған ақпаратқа қатысты өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді, деп Arasha.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік желілерде өзін Атыраудан шыққан хакер ретінде таныстырған белгісіз адам Атырау облысындағы отбасының із-түссіз жоғалуына байланысты "өз бетінше талдау жүргізгенін" мәлімдеді. Оның бейнежазбасы Instagram желісінде жарияланып, қысқа уақытта кеңінен тарады.
Полиция азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырып, жалған мәлімет таратқаны үшін заңнамаға сәйкес жауапкершілік, тіпті қылмыстық жаза қарастырылғанын ескертті.
"Аталған тұлғаға (хакерге – ред.) қатысты бұған дейін алаяқтық фактілері бойынша төрт қылмыстық іс тіркелген. Қазіргі таңда бұл істер бойынша тергеу жалғасып жатыр, ол заң талаптарына сай іздеуде", – деп хабарлады полиция.
Отбасының жоғалуына қатысты тергеу амалдары жалғасуда.