Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) 2025 жылы Қазақстанда 20 қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
«ҰҚК ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруда. 2025 жылы ҰҚК полиция органдарымен бірлесіп және прокуратураның үйлестіруімен 20 қылмыстық топ өкілдерінің әрекетіне тосқауыл қойды. Кісі өлтіру, бопсалау, есірткі мен қаруды заңсыз сақтау күдігімен 70-тен астам адам ұсталды, олардың арасында Қазақстанның және шетелдік құқық қорғау органдарының іздеуінде жүрген тұлғалар да бар», - деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі жұма күні.
Тергеу барысында қылмыстық істер бойынша 30 бірлік атыс қаруы және 11 травматикалық қару, сондай-ақ ақшалай қаражат тәркіленгені атап өтілді.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл шаралары жалғасуда», - деп толықтырды ведомстводан.