Ақмола облысының тұрғыны жалған инвестициялық платформаға сеніп, 4 миллион теңгеге жуық ақшасынан айырылды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Arasha.kz өңірлік Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, Ақмола облысында инвестициялық платформа деп аталатын қызметке қатысты кезекті алаяқтық дерегі тіркелді.
Алаяқтардың құрығына Щучинск қаласының зейнеткері іліккен. Ол тез әрі оңай табыс табамын деген уәдеге сеніп, 4 миллион теңгеге жуық қаражатынан айырылып қалған.
Алаяқтық туралы арыз Бурабай аудандық полиция бөліміне 6 қаңтар күні түскен. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз тұлғалар өздерін платформаның «қаржы кеңесшілері» ретінде таныстырып, оған инвестициялық құралдарды, соның ішінде валюталық мәмілелерді сатып алу-сату операциялары арқылы табыс табуды ұсынған.
Алаяқтардың нұсқауын орындаған ер адам екі банктен онлайн-несие рәсімдеп, алынған барлық қаражатты қаскөйлер айтқан шоттарға аударған. Келтірілген жалпы шығын көлемі 3,7 миллион теңгені құрады.
Бұл дерек бойынша полицейлер қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр.