Logo
Іздеу
Айдарлар

Туыстарым мен елімнің алдында ұяттымын – Украинадағы соғыста тұтқынға түскен қазақ

/
Туыстарым мен елімнің алдында ұяттымын – Украинадағы соғыста тұтқынға түскен қазақ
Сурет: видеодан скрин

Украиналық «Хочу жить» жобасы Ресей жағында соғысып, тұтқынға түскен Қазақстан азаматы жайлы деректі жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.

30 жастағы Қазақстан азаматы Нұрсұлтан Исааков Ресейден жұмыс іздеймін деп басы бәләге қалған: көптеген мигранттар сияқты оған да есірткі тастап жіберіп, қорқыту арқылы соғысқа аттану туралы келісімшартқа қол қойдырған.

Жақындарының қарсылығына қарамастан, Нұрсұлтан түрмеден қорыққанынан соғысқа аттануды ұйғарған. Оның үстіне ресейліктер «шетелдіктерді ұрыс даласына жібермейміз» деп сендірген. Бірақ бір апта өтпей жатып-ақ ол Херсон облысындағы аралдардан, ал біраз уақыттан соң Часов Яр түбінен шабуылдаушы топтың құрамынан бір-ақ шығады.

Ол серігімен бірге қираған үйдің астында, азық-түліксіз және нақты бұйрықсыз бір айға жуық отыруға мәжбүр болған. Су таусылып, бір апта бойы өз зәрін ішуге мәжбүр болғаннан кейін, олар тұтқынға берілуді ұйғарады. Украиналық дронға арнап хат жазып, күте бастайды. Дрон қайтып келеді, бірақ гранатаның орнына бір шөлмек су мен нұсқаулық жазылған хат тастайды. Осылайша «темір құстың» соңынан ерген «шабуылдаушылар» украин әскеріне шығады.

Тағдырдың тәлкегімен, Нұрсұлтанды енді Қазақстанда түрме күтіп тұр (жалдамалылық үшін мүлкі тәркіленіп, 12 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін). Ресейде жағдай бұдан да нашар – қайтадан өлімге айдалуы ғажап емес. Дегенмен, қалыптасқан жағдайда ол ең дұрыс таңдауды жасады – тұтқынға беріліп, аман қалды.