Атырау облысы Махамбет ауданында орын алған қайғылы жағдайға қатысты күдікті күйеу бала Сұлтан Сәрсемалиевтің анасы бұған дейін айтылмаған мәліметтерді бөлісті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Күдіктінің анасы Гүлнәр Әзмұханованың сөзінше, ұлынан соңғы рет 21 желтоқсан күні 45 мың теңге көлемінде ақша түскен.
"Мен баламды олай тәрбиелеген жоқпын. Ол – тәртіпті, жуас бала. Мұндай іске баруы мүмкін емес. Әкесі қатал, содан қорқып өскен. Соңғы рет желтоқсанның 21-і күні ұлымнан 45 мың теңге түсті. Келінге ұялы телефон алып беру үшін 1 миллион теңге несие рәсімдеткен едік", – дейді күдіктінің анасы.
Сондай-ақ ол ұлымен соңғы рет қашан хабарласқанын нақтылап өтті.
"11 желтоқсан күні хабарластым. Атыраудамын деді. Бір айтқанын түсінбей, нақтылап сұрадым, сол кезде видеоқоңырауға шықты. Балалардың суретін көрсетіп, "міне, балаларың аман, өзің қалайсың, Ақбаян қалай?" деп сұрадым. "Жақсымын, уайымдама, тағы хабарласамын" деді. Содан кейін байланыс үзілді. Шетелге кетемін деп ештеңе айтпаған. Тек қалаға апарып емдетіп алып келемін деген", – дейді Гүлнәр Әзмұханова.
Қазіргі таңда оқиғаға қатысты іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.