Контентке өту
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Сотты созудың кезекті әрекеті: Боқаевтың ісі бойынша судьяғажасалған жетінші қарсылық қанағаттандырылмады

Сотты созудың кезекті әрекеті: Боқаевтың ісі бойынша судьяғажасалған жетінші қарсылық қанағаттандырылмады
Фото: әлеуметтік желі

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаевтың қорғау тарапы төрағалық етіп жатқан судьяға жетінші рет қарсылық білдіруге әрекет жасады. Мемлекеттік айыптау тарапы бұған үзілді-кесілді қарсы шығып, басты фигурант пен оның адвокаттарының уәждерін негізсіз деп атап, мұны қорғаушылардың сот процесіне тиісті деңгейде дайын еместігінің белгісі ретінде бағалады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Өз өтінішхатында адвокаттар тергеу изоляторының соттан шалғай орналасқанына және бұған дейін адвокат Мусинаға қатысты шығарылған жеке қаулыға наразылық білдірді. Сонымен қатар қорғаушылар Боқаевтыңсудьяға қарсылық білдіру туралы өтінішін қолдап, қазақ тілін білмегендіктен, қорғауды жүзеге асыру барысында қиындықтарға тап болып отырғанын мәлімдеді.

Қарсы уәжін білдірген прокурор қорғау тарапы келтірген дәлелдердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, олардың негізсіз екенін көрсетті. Атап айтқанда, Боқаевтың сот оған іс материалдарымен танысуға мүмкіндік бермей отыр деген мәлімдемесін мемлекеттік айыптаушы шындыққа жанаспайды деп атады.

Прокурор ҚПК-тің 296-бабына сәйкес іс материалдарымен танысқаны туралы қол қойылған хаттамалар 73 және 74-томдарда бар екенін еске салды. Оның үстіне өткен аптада отырыс өтпейтін күні сот айыпталушыны арнайы сот ғимаратына жеткізуді ұйымдастырып, оған құжаттарды зерделеу үшін жеке уақыт бөлген. Прокуратураның пікірінше, бұл мәселеге қатысты барлық шағым бірнеше ай бойы адвокаттардың өздері сот процесіне дайындала алмай жүргеніне ғана келіп тіреледі.

Прокурор адвокат Алма Мусинаға қатысты шығарылған жеке қаулыға байланысты қорғау тарапының шағымына да ерекше назар аударды. Мемлекеттік айыптаушы мұндай шара қолдануға 15 қарашада адвокаттың әлеуметтік желілерде жариялаған жазбасы себеп болғанын еске салды. Онда Мусина оқырмандарына «жымқыру дерегін растайтын дәлелдердің жоқтығы» және қаржылық сараптаманың бекітілген әдістемелерге сәйкес келмейтіні туралы мәлімдеген еді.

Сонымен бірге прокурор маңызды процестік қайшылықты алға тартты: Боқаевтың төрт кәсіби қорғаушысының бірде-біреуі сотта сараптама материалдарымен танысқаннан кейін оны – жол берілмейтін дәлелдеме деп тану туралы ресми өтінішхат білдірмеген. Сот залында заңда көзделген тетіктерді пайдаланудың орнына адвокаттар процестік нормаларға қайшы келетін әдістерге, яғни БАҚ пен интернеттегі жарияланымдар арқылы қоғамдық пікір қалыптастыруды жөн көреді.

Прокурор судьяға тағылған айыптарды да мүлдем негізсіз деп бағалады, өйткені қорғау тарапы бірде-бір құжат немесе дәлел ұсынбаған. Судьяның куәгерлерге қоятын нақтылайтын сұрақтары оның ҚПК-де көзделген тікелей құқығы саналады және мұны айыптау тарапының ұстанымын қолдау деп түсіндіруге болмайды.

Сөздердің анық естілмеуінен соттағы жарыссөз барысында тараптардың бәсекелестігі қағидаты бұзылды деген аргументті де мемлекеттік айыптау тарапы қабылдамады. Бұған жауап ретінде прокурор БАҚ-та жарияланған сот процесінің бейнежазбаларына сілтеме жасады. Онда сотталушының да, оның қорғаушыларының да сөйлеген сөздері анық естіледі.

Сот отырыстарының аптасына төрт рет өткізілуі қылмыстық істің материалдары көлемінің ауқымдылығына және эпизодтардың көптігіне байланысты. Прокурорлар да сот процесіне дәл осындай жағдайда қатысып отыр. Ал №72 мекеменің (тергеу изоляторы) орналасқан жері төрағалық етіп жатқан судьяның құзыретіне жатпайды.

Сөз соңында мемлекеттік айыптаушы Боқаевтың процестік шешімдермен келіспеуі өздігінен судьяға қарсылық білдіруге негіз емес екенін де атап өтті. Бұл талап ҚПК-нің 87-бабында көзделген. Прокурор сот талқылауы басталғалы бері судьяға себепсіз қарсылық білдірудің жетінші рет қайталанып отырғанын айтып, соттан өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартуды сұрады.