Алматыдан Жиддаға бағыт алған SCAT әуе компаниясы рейсінің жолаушылары ұшақтың кешігуіне және салон ішіндегі адам төзгісіз жағдайларға шағымданды. Ұшақ сағат 12:30-да ұшуы тиіс болған, алайда бір сағаттан астам уақыт өтсе де, адамдар әлі салон ішінде отырған, ал ұшу уақыты белгісіз болып қалған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жолаушылардың айтуынша, ұшақ ішінде ауа баптау (кондиционер) жүйесі жұмыс істемеген. Салондағы температура 30 градустан асып кеткен, ал таза ауа мүлдем болмаған. Мұндай жағдайда адамдарды борт ішінде 20 минуттан астам уақыт ұстап отырған, деп жазды ZTB News телеграм арнасы.
Ауаның тарлығынан балалар жылай бастаған, ал егде жастағы жолаушылардың денсаулығы сыр беріп, бастарының айналғанына шағымданған. Көптеген адамдардың киімдері малмандай су болғанша терлеген. Жолаушылар бұл жағдай денсаулыққа нақты қауіп төндірді деп есептейді.
Сондай-ақ, бағыттың өзгеруі де бөлек наразылық тудырды. Алғашында билеттер «Алматы – Жидда» рейсіне сатылған, бірақ кейінірек бағыт «Алматы – Медина» болып өзгертілген. Жолаушылардың сөзіне қарағанда, бұл өзгеріс олармен алдын ала келісілмеген.