Logo
Іздеу
Айдарлар

Жангелдиндегі қанды қылмыс: полиция жаңа деректерді жариялады

/
Жангелдиндегі қанды қылмыс: полиция жаңа деректерді жариялады
ашық дереккөзден

Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында жоғалып кеткен отбасыға қатысты қылмыстық іс бойынша жаңа деректер белгілі болды. Smartnews.kz мәліметінше, марқұм ерлі-зайыптыны өлтірді деген күдікпен олардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев халықаралық іздеуге жарияланған. Сонымен қатар полиция күдіктінің жұбайы, қаза тапқан отбасының қызы Ақбаян Мұқанғалиеваны да іздестіріп жатыр. Ол іс аясында хабар-ошарсыз кеткендер қатарында, деп хабарлайды Arasha.kz.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет халықаралық іздеудің нақты қай елдерде жүргізіліп жатқанын жариялау мүмкін емес екенін айтты. Оның сөзінше, мұндай ақпарат тергеу жұмыстарына кедергі келтіруі ықтимал, ал іздеу шаралары әлемнің барлық елін қамтиды.

Күдіктілерді анықтап, ұстау үшін арнайы жедел-іздестіру топтары құрылған. Олар қолға түскен жағдайда бұл туралы жәбірленушілердің туыстары мен бұқаралық ақпарат құралдарына ресми түрде хабарланбақ.

Полиция дерегінше, марқұмдардың ұялы телефондары мен SIM-карталары әртүрлі уақытта Қазақстанның түрлі өңірлерінде тіркелген. Осы мәліметтер негізінде кешенді іздеу шаралары жүргізілген. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде Мейрамгүл Қарабалинаның мәйіті табылды деген түрлі қауесеттер тарағанымен, полиция бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Қазіргі таңда соңғы айларда олардың қала аумағында болуы мүмкін деген орындар тексеріліп жатыр.

Құқық қорғау органдары Мейрамгүл Қарабалина Атырау қаласындағы бейнебақылау камераларына түскенін растады. Алайда тергеу мүддесіне байланысты нақты қандай камералар және қандай әрекеттер тіркелгені айтылмай отыр.

Әлеуметтік желілерде ерлі-зайыптыларды тұншықтырған немесе басқа да жарақаттар салынған деген болжамдар да тараған. Дегенмен сот-медициналық сараптама барысында марқұмдардың денесінен пышақпен салынған шаншып-кесілген жарақаттар анықталған. Мәйіттер толық сараптамаға жіберіліп, оның нәтижесі қаза болу себептерін, жарақаттардың нақты түрін және қылмыстың жасалған уақытын айқындауға мүмкіндік береді.

Тергеу барысында бейнебақылау жазбалары мен жедел шаралар арқылы марқұмдардың зейнетақы шоттарынан қаражаттың қай жерде және кімдер тарапынан алынғаны да анықталған. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Наурыз Мұқанғалиевтің телефоны 6 қаңтардан бастап сөндірілген. Қазіргі уақытта жәбірленушілердің телефондарын және SIM-карталарын іздеу жалғасып жатыр.

Еске салайық, Жангелдин ауылында тұрған отбасы 2025 жылдың соңында белгісіз жағдайда жоғалып кеткен. 6 қаңтарда шаруашылық құрылысының аумағынан отбасы басшысы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіттері табылды. 9 қаңтарда олардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев кісі өлтіру ісі бойынша күдікті ретінде ресми түрде іздеуге алынғаны жарияланды. Қазіргі уақытта отбасының екі баласы – Мейрамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиев әлі табылған жоқ. Іздеу және тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.