Logo
Іздеу
Айдарлар

Арақ ішкен адам 40 күнге дейін ораза ұстай алмай ма? Шариғат жауабы

/
Арақ ішкен адам 40 күнге дейін ораза ұстай алмай ма? Шариғат жауабы
depositphotos.com

Арақ-шарап ішу – ислам дінінде харам, яғни үлкен күнәлардың бірі. Бұл туралы Құранда және Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінде нақты ескертілген, деп жазады Arasha.kz.

Құран Кәрімде Алла Тағала арақ, құмар ойындары мен сол секілді істерді шайтанның лас амалдары деп атап, одан аулақ болуға бұйырады. Ол жайында Алла Тағала Құранда: 

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِنَّمَا الْخَمْرُ وَالْمَيْسِرُ وَالأَنْصَابُ وَالأَزْلامُ رِجْسٌ مِنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ

"Уа, иман келтіргендер! Ақиқатында, арақ, құмар ойындары, пұттар және (бал ашуға тігілетін) жебелер – шайтанның лас істерінен. Одан аулақ болыңдар, бәлкім, мұратқа жетерсіңдер!" – дейді.

Ал хадистерде арақ ішкен адамның қырық күн бойы намазының сауабы қабыл болмайтыны айтылған:

"Кім арақ ішсе, оның қырық күндік намазы қабыл болмайды. Егер тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етеді. Одан кейін тағы да арақ ішсе, Алла оның қырық күн намазын қабыл етпейді. Егер тәубе етсе, Алла тәубесін қабыл етеді. Бұдан кейін тағы арақ ішсе, Алла оның тағы да қырық күндік намазын қабылдамайды. Бұл ісіне тәубе етсе, тәубесі қабыл етіледі. Ал төртінші рет тағы да арақ ішсе, Алла оның қырық күндік намазын қабыл етпейді. Егер тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етпейді де оны "хабәл" (тозақтықтардың іріңінен жиналған) өзенінен сусындандырады", – делінген.

Дегенмен, ғалымдар бұл мәселеге түсіндірме берген. Имам Науауи хадистегі "намазы қабыл болмайды" дегенді намаз парыз ретінде есептеледі, бірақ сауабы кемиді немесе жойылады деп түсіндіреді. Яғни арақ ішкен адам намаз оқудан босатылмайды, алайда оның сауабы жоғалады.

Ең маңыздысы – шынайы тәубе. Егер адам арақ ішкеніне өкініп, оны толықтай тастап, Алладан кешірім сұраса, Алла оның тәубесін қабыл етеді. Шынайы тәубе бұрынғы күнәларды жояды.

Осы тұрғыда:

  • Рамазанға дейін арақ ішіп, кейін шынайы тәубе еткен адам ораза ұстай алады, әрі оның оразасы қабыл болады.
  • Ал ораза ұстап жүріп, арақ ішуді доғармаған адамның оразасы дұрыс, бірақ сауабы болмайды, әрі ол күнә арқалайды.

Қорытындылай айтқанда, "арақ ішкен адам 40 күн ораза ұстай алмайды" деген түсінік дұрыс емес. Мұнда мәселе оразаның жарамдылығында емес, сауабында. Шынайы тәубе еткен жанның оразасы да, ғибадаты да Алланың қалауымен қабыл болады.

"Рамазан оразасына қатысты пәтуалар" кітабы негізінде