Павлодар облысындағы жеке үйлердің бірінде шыққан өрттің салдарынан екі бала көз жұмды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға бүгін таңертең Ертіс ауылында болған. Өрт туралы хабарлама «101» қызметінің пультіне сағат 08:33-те түскен. Арада үш минут өткенде өрт сөндірушілер оқиға орнына жетті.
«Оқиға орнына жеткенде үйдің толықтай өртке оранғаны анықталды: жиһаздар, үй заттары және шатыр жанып жатты, қатты түтін байқалды. Күрделі жағдайға қарамастан, өрт сөндірушілер алғашқы минуттардан бастап зардап шеккендерді іздеуге кірісті», - деді Павлодар облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Берік Омаров.
Үш кәмелетке толмаған баланы құтқарып, медицина қызметкерлеріне тапсыру мүмкін болды. Оның ішінде бір баланы өрт сөндірушілер келгенге дейін құтқарып үлгерген. Алайда, екі бала кейінірек ауруханада қайтыс болды.
Өрт шамамен 50 шаршы метр аумақта сөндірілді. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Өрт кезінде балалардың ата-аналары немесе басқа ересек адамдардың қайда болғаны туралы ақпарат әзірге хабарланған жоқ.