Logo
Іздеу
Айдарлар

"Бірнеше адам жауапкершілікке тартылды": Тұрсынбек Қабатовтың тоқалы делінген келіншек өзіне тіл тигізгендерді сотқа берді

/
"Бірнеше адам жауапкершілікке тартылды": Тұрсынбек Қабатовтың тоқалы делінген келіншек өзіне тіл тигізгендерді сотқа берді
ашық дереккөзден

Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі ретінде танылған Айман есімді келіншек өзіне тіл тигізіп, қорлайтын пікірлер қалдырған азаматтарды сотқа берді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Айманның мүддесін қорғап жүрген заңгер Ділназ Мұхамедова бұл ақпаратты әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған. Ол аталған азаматшаның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғап жатқанын мәлімдеді.

Заңгердің айтуынша, соттарда ар-намыс, қадір-қасиет және іскерлік беделді қорғауға қатысты бірқатар іс қаралып жатыр. Атап айтқанда, интернет кеңістігінде шындыққа жанаспайтын әрі қорлайтын ақпарат таратқан тұлғаларды жауапкершілікке тарту бойынша құқықтық жұмыстар жүргізілуде.

"Бүгін үш іс бойынша жеңіске жеттік. Үш адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы негізінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Азаматтық істер аясында моральдық зиян үшін ақшалай өтемақы өндірілді. Талап-арыздар Азаматтық кодекстің 143-бабына сәйкес қанағаттандырылды. Сонымен қатар тағы бес іс қазір сотта қаралу сатысында тұр", – деп жазды заңгер.

Ол сондай-ақ анонимді немесе жалған аккаунттар арқылы жазылған пікірлердің де жауапсыз қалмайтынын атап өтті. Сот талқылауы барысында тіркеу және техникалық деректер арқылы пікір иесінің жеке басын анықтауға болатынын ескертті.

Заңгер әлеуметтік желі қолданушыларына да маңызды ескерту жасады.

"Пікір білдіру еркіндігі ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлау, жалған ақпарат тарату үшін жауапкершіліктен босатпайды. Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік және азаматтық-құқықтық жауапкершілік, моральдық зиянды өтеу, сот шығындарын жабу және жалған ақпаратты теріске шығару міндеті қарастырылған", – деді ол.

Бұл мәлімдемеге байланысты Айман Қабатованың өзі де пікір білдірді.

"Қыздар, сын мен қарғыс, пікір мен балағаттың аражігін ажырата біліңіздер. Сынға иммунитетім бар, себебі адам мінезін де, менталитетті де түсінемін. Ал жала мен балағат – бұл қудалау", – деп жазды ол.