Logo
Іздеу
Айдарлар

Маңғыстау облысында 50 жолаушысы бар автобус апатқа ұшырады: төрт адам қаза тапты

/
Маңғыстау облысында 50 жолаушысы бар автобус апатқа ұшырады: төрт адам қаза тапты
Сурет: ашық дереккөзден

Жол-көлік оқиғасы бүгін түнде болды. Yutong маркалы автобус Ақтаудан Бейнеу ауылына қарай бағыт алған. Салонда 50 адам болған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Алдын ала мәліметтер бойынша, көлік жүргізушісі рөлге ие бола алмай, автобус аударылып кеткен. Төрт адам оқиға орнында көз жұмды, тағы үш жолаушы түрлі жарақаттар алды.

«Апат «Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сайөтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау» автожолының 383-шақырымында орын алды. Автожолдың бұл учаскесі ІІ техникалық санатқа жатады. Жолдың беті асфальтты-бетонды, жүру бөлігінің ені тоғыз метрді құрайды, ешқандай ақаулар жоқ. Жол белгілері орнатылған. Жол-көлік оқиғасы кезінде рульде 1985 жылы туған жүргізуші болған. Апат орын алған жерге дейін шамамен 200 шақырым қалғанда екінші жүргізуші ауысқан», — деп хабарлады Көлік министрлігі.

Мәліметтерге сәйкес, автобус апатқа дейін аз уақыт бұрын техникалық тексерістен өткен. Көлік құралы CASPIAN TRANS CORPORATION компаниясына тиесілі.

Қазіргі уақытта полиция жол апатының мән-жайын анықтап жатыр.