Logo
Іздеу
Айдарлар

Риддер тұрғындары сарышұнақ аязда жылусыз қалды

/
Риддер тұрғындары сарышұнақ аязда жылусыз қалды

Риддер қаласының тұрғындары Шығыс Қазақстан облысының әкімі бізге жиірек келсе екен деп армандайды. Себебі аймақ басшысы қалаға табан тіресе болды, пәтерлердегі батареялар бірден жылына бастайды. Мұндайда жергілікті ЖЭО-ның жұмысы да «құстай ұшады», деп хабарлайды Arasha.kz.

Мәселен, бейсенбі, 15 қаңтар күні облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қақаған аязда Глубокое ауданы мен Риддердегі жылу мәселесін тексеруге келгенде, тұрғындар тарапынан ешқандай шағым болмаған еді. Алайда әкім қаладан аттанып кетісімен, бәрі баяғы қалпына қайта түсті.

Демалыс күндері риддерліктер үйлеріндегі температураның күрт төмендеп кеткеніне жаппай шағымданды. Кейбір пәтерлерде жылу 18-19 градусқа дейін, ал кей жерлерде 15 градусқа дейін түскен. Тіпті 93-тоқсандағы пәтерлердің бірінде сынап бағанасы бар болғаны 10 градусты көрсеткен. Шағымдардың көптігі сондай, бұл жағдайды энергетиктер жиі айтатын «үйдің ішкі мәселесіне» жаба салу мүмкін емес.

«Шығыс жылу» АҚ Риддер филиалының мәліметінше, бүгін таңертең ЖЭО-да жоспардан тыс ауыстырып қосу жұмыстары болып, соның салдарынан температуралық кесте бұзылған. Далада -25 градус аяз болса да, орталықтан берілетін жылу 90-нан асудың орнына, небәрі 83 градус болып тұр. Станция ұжымы жақын арада жылу беруді қалпына келтіруге уәде берді. Облыс әкімдігі бұл жағдайдан хабардар, Нұрымбет Сақтағанов Риддерге қайта жолға шықты.

Жылудан бөлек, қалада тағы бір мәселе бас көтерді. Суық түскелі риддерліктер көліктеріне жанармай құя алмай әлек. Бірнеше АЖҚ-да (АЗС) отын тапшылығы туындады. Бензин таситын көліктер қалаға уақытылы жетпегендіктен, «Helios» пен «Qazaq Oil» бекеттерінде сатылым тоқтап қалған.

Қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің хабарлауынша, таңертең әр жанармай бекетіне екі он тонналық бензин тасушы көлік шыққан. Түскі уақытта жанармай еркін сатылымға түсуі тиіс. Әзірге бензинді тек қаладан шыға берістегі бір бекеттен ғана табуға болады, ал тағы бір желіде отын тек талонмен беріліп жатыр.