Logo
Іздеу
Айдарлар

"Биліктің ішінде реформаға қатысты ауыз бірлік жоқ сияқты" – Әміржан Қосан

/
"Биліктің ішінде реформаға қатысты ауыз бірлік жоқ сияқты" – Әміржан Қосан
Arasha.kz коллажы

ТЫМ СОЗЫЛЫП БАРА ЖАТҚАН РЕФОРМА

Бүгінгі Ұлттық Құрылтай отырысы жайлы бірер сөз

Шынын айту керек, және ол туралы біз жазғанбыз, қоғамда бірпалаталы Парламенттің қажеттілігіне қатысты ортақ мәміле бар. Қазақстан демократтары ол туралы өткен ғасырдың аяғынан айтып келеді.

Сол себепті әңгімені басқа тақырыптарға бұрмай, тым тереңдетпей-ақ, барша жұрт қолдайтын референдум өткізе салуға болар еді.

Алайда осыдан төрт жыл бұрын ғана Ата Заңды өзгерткен билік «тағы да конституциялық реформа жасау керек» деп сау басына сақина тілеп алды деп ойлаймын.

Ең бастысы сол: меніңше, әлі де биліктің өз ішінде осы реформаның нақты нұсқасына қатысты ауызбіршілік жоқ сияқты.

Егер де ондай ортақ пайым болғанда, президент бүгін референдум жариялап жіберер еді емес пе?

Олай болмады. Тағы да талқылау болады, сол үшін арнайы Конституциялық комиссия құрылмақшы.

Енді нақты жайттарға келсек.

Өкінішке орай, болашақ Парламентке қосымша бір ғана өкілеттік берілгелі жатыр, яғни Жоғарғы сот судьяларын сайлау. Онда да оларды тек президент ұсына алады екен.

Меніңше, бұл жеткіліксіз. Парламент үкіметті тағайындау (не отставкаға аттандырып жіберу), оның есебін бекіту не бекітпеу, бюджеттік процесті толық бақылау сияқты аса маңызды өкілеттіктерді өз қолына алмай, «ықпалды Парламент» бола алмайды.

Парламенттің атауына қатысты. «Құрылтай» деген де жаман емес, бірақ «құрылтай» термині бір ұйымды құрғанда қолданылатын секілді емес пе? Мәселен, «пәленше деген ұйымның Құрылтайы өтті» дегендей.

Халық кеңесі хақында. Егер де әділ сайлау өтіп, болашақ Парламентке қоғамда бар барлық саяси ұстаным өкілдері енетін болса, тағы да бір орган құру керек пе? Жә, керек болса, онда ол ұйым қоғамдық негізде жұмыс істеп, бюджетке салмақ салмауы тиіс.

Вице-президентке қатысты. Ондай лауазым болуы керек те шағыр. Алайда президенттің айтуынша, оны халық сайламайды, Парламент депутаттары ғана бекітеді екен. Және оның функционалы да шектеулі екен, бүгінгі Мемлекеттік кеңесшінің үлкейтілген түрі ғана сияқты. Меніңше, Қазақстанда вице-президент болсын деп шешсек, ол президентпен бірге сайлауға түсуі тиіс, сонда ол толыққанды легитимді бола алады. Әйтпесе, оның керегі жоқ.

Ең бастысы сол: баға өсіп, тарифтер шарықтап, инфляция икемге келмей жатқан кезде әбден қиналған жұрт осы саяси бастамалар мен күнделікті күнкөрісінің жақсаруының арасындағы нақты да жанды байланысты көре алмай отыр.

Бәлкім, осы реформаның ақсап тұрған жері осы болар...

Әміржан ҚОСАН.