Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Атыраудағы атышулы іс: Ақбаянның сөздері жарияланды

Атыраудағы атышулы іс: Ақбаянның сөздері жарияланды
Фото: әлеуметтік желі

Атырау облысында төрт адамның өліміне қатысты резонансты қылмыстық іс бойынша сот отырысында жаңа бейнематериалдар жария етілді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сотта көрсетілген кадрларда қаза тапқандардың туысы әрі айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевтің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның тергеу кезінде берген түсініктемесі мен ерлі-зайыптылардың Қазақстан шекарасынан өткен сәттері бейнеленген

Бейнежазбада Ақбаян Мұқанғалиева Атырауға жеткізілгеннен кейін тергеушілердің сұрақтарына жауап берген. Оның айтуынша, ата-анасы Қызылқоға ауданындағы Жангелдин ауылында тұрады. Сондай-ақ оқиға алдында ағасы Наурызбен сөйлескенін және соңғы уақытта Атыраудағы Мұнайшы ықшамауданында тұрғанын айтқан.

Алайда тергеу барысында әйел бірқатар маңызды сұрақтарға нақты жауап бере алмаған. Атап айтқанда, өзінің нақты мекенжайын, Қазақстанға қай уақытта оралғанын және тергеу әрекеттері жүргізілген күнді есіне түсіре алмаған.

Сот отырысында жарияланған видеода тергеуші Ақбаян Мұқанғалиеваның психоневрологиялық диспансердің ақпараттық жүйесінде есепте тұрғаны анықталғанын мәлімдеді. Осыған байланысты кейбір тергеу әрекеттерін жалғастыру мүмкін болмағаны айтылды.

Бұдан бөлек, сотта Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның жұбайы тұрған Мұнайшы ықшамауданындағы жалдамалы үй маңында жүргізілген тергеу шараларының видеосы көрсетілді. Тергеушілер теміржол бойындағы қамыс арасынан ер адамға тиесілі киімдерді тапқан. Сонымен қатар қан дақтарына ұқсас іздері бар кілем, неке куәлігі, балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері және медициналық құжаттар салынған сөмке тәркіленген.

Еске салайық, Жангелдин ауылында болған қанды оқиғаға байланысты Сұлтан Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайының төрт туысын өлтірді деген айыппен сот алдында жауап беріп жатыр.