Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

"Ренжімеңіздерші": "Борат" фильмінің авторы қазақстандықтардан кешірім сұрады

"Ренжімеңіздерші": "Борат" фильмінің авторы қазақстандықтардан кешірім сұрады
Саша Барон Коэн. Фото: Manny Carabel/Getty Images

Әлемге әйгілі британдық актер әрі комик Саша Барон Коэн «Борат» кейіпкерін Қазақстанмен байланыстырғаны үшін қазақстандықтардан көпшілік алдында кешірім сұрады. Өнер иесі фильмдегі образдың шынайы Қазақстанға еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Саша Барон Коэн бұл туралы америкалық журналист Джош Горовиц жүргізетін Happy Sad Confused подкастында айтты.

Әңгіме барысында актер "Борат" кейіпкерінің қалай пайда болғанын және оның не себепті Қазақстан азаматы ретінде көрсетілгенін түсіндірді.

Коэннің айтуынша, фильмдегі кейіпкер бастапқыда мүлде басқа елдің азаматы ретінде ойластырылған. Алайда шығармашылық жұмыс барысында оның ұлты бірнеше рет өзгерген.

Актер Қазақстанды таңдауының себебін батыс аудиториясының сол кезеңде бұл ел туралы аз білетіндігімен байланыстырды.

Сонымен қатар ол "Борат" образы үшін Қазақстан елшілігі тарапынан наразылық білдірілгенін еске алды. Коэн бұл сынның орынды болғанын мойындады.

"Қазақстандықтар, мен сіздерден кешірім сұраймын. Мен сіздердің акценттеріңізбен сөйлей алмаймын. Мен жалпы сіздердің акценттеріңіз қандай екенін де білмеймін. Менің Орталық Азия акценттері туралы білімім өте шектеулі. Өтінемін, қазақстандықтар, ренжімеңіздерші. Мен сіздерге үлкен құрметпен қараймын", – деді актер.

Саша Барон Коэн фильмдегі кейіпкердің сырт келбеті мен сөйлеу мәнерінің қазақстандықтардың шынайы бейнесіне сәйкес келмейтінін де атап өтті.

Оның сөзінше, "Борат" арқылы Қазақстан халқын келемеждеу емес, өзге елдер туралы еш мәліметі болмаса да, қисынсыз оқиғаларға сенуге дайын адамдардың көзқарасын әжуалау көзделген.

"Шын мәнінде, мұның бәрінің Қазақстанға еш қатысы жоқ еді. Бәрі мен сөйлескен адамдардың сауатсыздығынан – бұл өмірінде естімеген жерде осындай абсурдтың болуы мүмкін екеніне сенуге дайын болғандардың кесірінен", – деп түсіндірді комик.

Айта кетейік, Саша Барон Коэн сомдаған "Борат" комедиясының алғашқы бөлімі 2006 жылы жарық көрді. Фильмде Қазақстаннан АҚШ-қа барған ойдан шығарылған журналист Борат Сағдиевтің басынан өткен оқиғалар бейнеленеді.

Картина жарыққа шыққаннан кейін Қазақстанда түрлі пікірталас туғызып, елдің мәдениеті мен тұрғындарын бейнелеу тәсілі үшін сынға ұшырады.

Ал 2020 жылы фильмнің екінші бөлімі шықты. Бұл туынды да қазақстандық қоғамда қызу талқыланып, оған қарсы петициялар жарияланды.

Араға 20 жыл салып, актер кейіпкерді Қазақстанмен байланыстырғаны үшін кешірім сұрап, қазақ халқы мен оның мәдениетіне құрметпен қарайтынын жеткізді.