Әзербайжанда ұзақ жылдар бойы президент әкімшілігін басқарған 88 жастағы Рамиз Мехтиевке қатысты 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Рамиз Мехтиев Әзербайжанның бұрынғы президенті Гейдар Әлиев пен қазіргі мемлекет басшысы Ильхам Әлиевтің тұсында президент әкімшілігін 24 жыл бойы басқарған.
Тараған ақпаратқа сәйкес, бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға әрекеттену, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру және ірі көлемде пара алу бойынша кінәлі деп танылған.
Сот оған 14 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындағаны айтылды. Алайда жасы мен денсаулық жағдайы ескеріліп, жазаны шартты түрде өтеу туралы шешім қабылданған. Сондай-ақ оның мүлкін тәркілеу жөнінде қаулы шығарылғаны хабарланды.
Мәліметке сүйенсек, сот үкімі 22 қазанда шығарылғанымен, бұл ақпарат бес күннен кейін ғана көпшілікке белгілі болған.
Рамиз Мехтиев – Әзербайжанның бұрынғы жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкері. Ол 1995 жылдан 2019 жылға дейін, яғни 24 жыл бойы президент әкімшілігін басқарған.
Мехтиевке қатысты қылмыстық іс 2025 жылдың қазанында Әзербайжанның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінде қозғалған.