Logo
Іздеу
Айдарлар

Жол сапасы – стратегиялық міндет

/
Жол сапасы – стратегиялық міндет
Сурет: ашық дереккөзден

Қызылорда қаласында өткен V Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы елдегі жол инфрақұрылымын дамыту мәселесіне арнайы тоқталып, автожолдардың сапасы мен оларды күтіп-ұстауға деген жауапкершілікті күшейту қажеттігін атап өтті. Президент жол саласында тек көлемге емес, ең алдымен сапаға басымдық беру, бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету және қоғамдық бақылауды күшейту керектігін қадап айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Осы бағытта жол саласы мамандары мен салалық ұйымдардың рөлі ерекше. Атап айтқанда, жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасын бақылап отырған Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Президент көтерген міндеттерді іске асырудағы негізгі институттардың бірі саналады.

Жол саласының маманының айтуынша, Құрылтайда айтылған талаптар саладағы нақты ахуалмен тікелей байланысты.

– Мемлекет басшысы жол инфрақұрылымы елдің экономикалық қауіпсіздігі мен өңірлердің дамуына тікелей әсер ететінін ашық айтты. Сондықтан бүгінде жол салудағы басты мәселе – сапа стандарттарының қатаң сақталуы. Бұл ретте Жол активтері сапасының ұлттық орталығы жол-құрылыс материалдарына, орындалған жұмыстарға тәуелсіз сараптама жүргізіп, кемшіліктердің алдын алуда маңызды рөл атқарып келеді, – дейді жол саласының ардагері, Тілеген Мешелов.

Оның сөзінше, Абай облысында соңғы жылдары республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарды жөндеу жұмыстары қарқын алған. Семей қаласын аудан орталықтарымен байланыстыратын негізгі бағыттарда жөндеу жүргізіліп, бірқатар жол учаскелерінде сапа көрсеткіштері жақсарған. Алайда кейбір ауылішілік және ауданаралық жолдарда әлі де тозу деңгейі жоғары.

– Абай облысының климаттық ерекшеліктері, көлік жүктемесінің артуы жол жамылғысына әсер етпей қоймайды. Сондықтан Қызылордадағы Құрылтайда Президент айтқандай, әрбір салынған шақырым жол ұзақ мерзімге есептелуі керек. Мұнда Жол активтері сапасының ұлттық орталығының зертханалық бақылауы мен техникалық қорытындылары шешуші маңызға ие, – дейді сала ардагері. 

Сарапшы Президенттің жол саласындағы ашықтық пен жауапкершілікке қатысты пікіріне де тоқталды. Оның айтуынша, жол құрылысына бөлінген қаражаттың тиімді игерілуі тек мердігерге емес, бақылаушы ұйымдар мен сала мамандарына да үлкен жауапкершілік жүктейді.

– Қоғам жол сапасына бейжай қарамауы керек. Ал біз, жол саласының өкілдері, стандарт пен талаптан бір қадам да ауытқымауға тиіспіз. Президент Құрылтайда айтқан осы ұстаным – саланың болашақ даму бағытын айқындайды, – дейді Тілеген Мешелов. 

Қорытындылай келе, V Ұлттық құрылтайда көтерілген жол инфрақұрылымын дамыту мәселелері Абай облысы үшін де өзекті. Жол активтері сапасының ұлттық орталығының қатысуымен жүргізілетін жүйелі бақылау, білікті мамандар мен заманауи технологияларды қолдану – сапалы әрі қауіпсіз жолдардың кепілі болмақ.