Әлеуметтік желілерде Атырау қаласында ер адамды аяусыз соққыға жыққан сәттің видеосы тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиға 18 қаңтар күні қаладағы «Зиллон» түнгі барларының бірінде болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Таралған кадрлардан төбелестің алдымен мекеме ішінде басталғанын көруге болады. Екі ер адам бір адамға жабылып, соққының астына алған. Олардың бірі ерекше қатыгездік танытып, жәбірленушінің бас тұсынан ауыр соққылар бағыттаған. Сол сәтте қастарына үшінші адам келіп, жанжалды тоқтатпақ болғанымен, ол да бетінен соққы алып, шеттетілген.
Төбелес мұнымен аяқталмай, кейін далада жалғасқан. Видеода соққыға жығылған ер адамның көшеде де қайтадан шабуылға ұшырағаны көрінеді.
Бастапқыда құзырлы органдар тарапынан ешқандай ақпарат берілмеген еді. Алайда, көп ұзамай Атырау облыстық Полиция департаменті жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді.
«Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында 32 және 33 жастағы екі күдіктіні ұстады. Қазіргі уақытта бұзақылық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда зардап шеккен ер адамның денсаулық жағдайы мен оқиғаның неден басталғаны анықталып жатыр. Тәртіп сақшылары бұл істі ерекше бақылауға алды.