Logo
Іздеу
Айдарлар

«Аумақты контрабанда үшін пайдаланылуда»: депутат Қазақстан шекарасының осал тұстарын айтты

/
«Аумақты контрабанда үшін пайдаланылуда»: депутат Қазақстан шекарасының осал тұстарын айтты
Сурет: ашық дереккөзден

Сенатор Амангелді Нұғманов палатаның жалпы отырысында контрабандашылардың әрекетіне байланысты шекара белдеуінің параметрлерін қайта қарауға шақырды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Амангелді Нұғманов мемлекеттік шекараның сенімді күзетілуі ұлттық қауіпсіздік пен елдің аумақтық тұтастығын сақтаудағы негізгі факторлардың бірі екенін атап өтті.

Оның айтуынша, қолданыстағы заңнама шекара белдеуінде ерекше құқықтық режим орнатады. Бұл режимге сәйкес, осы аумақта орналасқан жер учаскелерін жеке меншікке немесе уақытша жер пайдалануға беруге тыйым салынған. Алайда, іс жүзінде үш мыңнан астам мұндай учаске жеке және заңды тұлғалардың иелігінде болып шыққан, сондықтан олар босатылуы тиіс.

Мемлекеттік шекараның кейбір учаскелерінде шекара белдеуінің ені жеткіліксіз болуы қосымша қауіп тудыруда.

«Жамбыл және Түркістан облыстарындағы Қырғыз Республикасымен және Өзбекстан Республикасымен шекаралас аймақтарда шекара белдеуінің ені кей жерлерде 30 метрден аспайды. Бұл заң бұзушыларға шекараны санаулы минуттарда кесіп өтуге мүмкіндік береді.

Бұл аумақтар тауарлар мен ауылшаруашылық жануарларының контрабандасы үшін пайдаланылып жатыр. Шекара белдеуінің енін 1000 метрге дейін ұлғайтып, толыққанды шекаралық инфрақұрылымды орналастыру үшін жағдай жасау қажет», — деді сенатор.

Депутат Үкімет деңгейінде мемлекеттік шекараның жекелеген учаскелерінде шекара белдеуінің енін ұлғайту мәселесін қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар, жер заңнамасына енгізілуі мүмкін өзгерістерге кешенді құқықтық және әлеуметтік-экономикалық бағалау жүргізуді, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік міндеттері мен шекара маңындағы халықтың мүдделері арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуді сұрады.