Алматы облысының Кеген ауылында жаңа өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына Шыңғыс Әрінов, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Дәурен Оразбеков, азаматтық қорғау саласының ардагерлері мен аудан тұрғындары қатысты.
Жаңа нысан Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің стратегиялық жоспары аясында жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынды. Министр Шыңғыс Әріновтің айтуынша, ауылдық жерлердегі қауіпсіздік деңгейін арттыру және азаматтық қорғау жүйесін нығайту – Мемлекет басшысы айқындаған басым міндеттердің бірі.
«Ауылдық аумақтарда өртке қарсы инфрақұрылымды дамыту – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыты. Мұндай деполардың ашылуы төтенше жағдайларға жедел әрекет етіп, адам өмірін сақтауға мүмкіндік береді», – деді министр.

Салтанатты шара барысында депоға арналған заманауи өрт-құтқару техникасының кілттері табысталды. Атап айтқанда, «ТРЭКОЛ» жол талғамайтын көлігі, «КамАЗ» АЦ-5-40 өрт сөндіру автокөлігі және «Toyota Hilux» жеңіл автокөлігі берілді. Сонымен қатар бірқатар қызметкерлерге мерекелік медальдар мен Алғысхаттар тапсырылды.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа депоның өңір үшін маңызын ерекше атап өтті.
«Азаматтардың қауіпсіздігі – мемлекеттің басты міндеті. Төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын азайту бағытындағы жүйелі жұмыстар нақты нәтижесін беріп отыр», – деді өңір басшысы.
Жаңа өрт сөндіру депосы жалпы саны 28 мыңнан астам халқы бар 12 ауылдық округ пен 34 елді мекенге қызмет көрсетеді. Ғимарат модульдік технологиямен салынған, бұл оны алдағы уақытта кеңейтуге мүмкіндік береді. Депо тәулік бойы жұмыс істеуге бейімделген: диспетчерлік пункт, екі өрт сөндіру көлігіне арналған гараж, тұрмыстық және демалыс бөлмелері, ас үй қарастырылған. Сонымен қатар «Batyr Team» спорттық жаттығу аймағы бар.
Іс-шара аясында нысан құрылысына белсенді атсалысқан азаматтар ведомстволық марапаттарға ие болды. ҚР ТЖМ Алғысхатымен «Кеген орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Айболат Солтанғазиев марапатталса, министрліктің «30 жыл» медалі Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев пен «AS Karasay» ЖШС директоры Медет Омархановқа табысталды.
